Алматыда қаңтар оқиғаларына байланысты 1 481 қылмыстық іс тіркелді
Оның айтуынша, бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне полиция департаменті мен оның аумақтық бөлімшелері 1 481 қылмыстық істі тіркеді.
Олардың ішінде бөтеннің мүлкін ұрлау – 1 213, бөтеннің мүлкін қасақана жою – 46, қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау фактілері бойынша 41 іс бар.
Жоғарыда аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен 236 адам ұсталды. Оның ішінде 214-іне қатысты сот «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасына санкция шығарды. Үш күдіктіге қатысты «ешқайда кетпеу және тәртіптілік таныту қолхаты» түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.
«Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде заңсыз айналымнан 144 атыс қаруы мен 8 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Наразылық акциялары кезінде қылмыстық элементтермен Алматы қаласының аумағында орналасқан 1 602 объектіге шабуылдар жасалып, дүние-мүліктер талқандалды. Қазіргі уақытта ПД тергеу бөлімшелері бүлінген объектілердің жалпы санының 97%-ын тексеріп шықты. Бұл бағыттағы жұмыс аяқталу сатысында», - деді Рустам Абдрахманов.