Алматыда Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен жастар форумы өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ералы Тоғжанов ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған республикалық жастар форумына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кәсіптік одақтар федерациясына сілтеме жасап.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Кәсіптік одақтар федерациясының ұйымдастыруымен жастар форумы өтті.

Форумға қатысушылар «Келешек» жастар кеңесінің өткен жылғы жұмысын қорытындылап, алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар бағдарын белгіледі.

Форумның мақсаты – Қазақстан жастарын Еңбек адамы идеясы аясында біріктіру, ал Форум спикерлерінің еңбек жолы жастар ортасында керенаулықты жоюға мүмкіндік беретіндігі анық. Форум тың идеялар мен тәжірибе алмасу үшін тиімді алаң болмақ. Оның жұмысына ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов, мемлекеттік органдар, салалық және жергілікті, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ жас кәсіподақ көшбасшылары мен еліміздің әр түкпірінен келген жас кәсіпкерлер, Алматы қаласының ЖОО және колледждердің студенттері қатысты.

Салтанатты сөз алған Ералы Тоғжанов Бірінші желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – еліміздің тарихында айрықша орын алатын күн екенін атап өтті.

«Қазақстан тәуелсіз ел атанғаннан бері қоғам игілігі үшін жүзеге асырылған барлық тарихи маңызды, әлеуметтік шешімдер Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты.

Елбасы бойындағы еңбекқорлық, отансүйгіштік пен өз халқына деген шынайы сүйіспеншілік қасиеттері қарапайым металлургты әлемдік деңгейдегі беделді көшбасшыға айналдырды. Еліміздің бүгінгі жетістіктері - осының нақты көрсеткіші!

Бүгінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Еңбек адамының айқын үлгісі болып табылады!», - деп атап өтті ҚРКФ басшысы.

Ералы Тоғжанов Жастар жылы аясында мемлекет тарапынан жастарды қолдау үшін бірқатар тиімді шаралар қолға алынғаны туралы сөз қозғады.

«Біздің қоғамның әр жас мүшесі Нұрсұлтан Назарбаевтың жастар мәселесін шешу, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жастардың әлеуетін көтеру, сондай-ақ жастарды болашақта білім мен еңбекке тарту жолында сіңірген ерен еңбегін сезінеді деген ойдамын», - деп атап өтті Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы.

Ералы Тоғжанов еңбекші жастар алдында бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.

Елбасының әр жас қазақстандықтың санасында еңбек құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» стратегиялық тұғырнамасын жүзеге асырудың маңыздылығы айтылды. Ол жастарды әлемде және елімізде орын алып жатқан әлеуметтік өзгерістерге бейімделу үшін өз біліктіліктерін жетілдіруге шақырды.

«Әрине, Нобель лауреаты атану бәріне бұйыра бермейді. Дегенмен, сіздерде жоғары білікті, яғни еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие маман болуға мүмкіндік зор. Жаңа технологиялар күн сайын қарқын алуда. Бүгінде кез келген жұмысшы кәсібін игеру үшін білімді болу аздық етеді, өз білімінді үнемі жетілдіріп отыруын тиіс. Жастар уақыт талабына сай жаңа технологияларды жетік білуі керек. Қазіргі таңда жұмысшы кәсібін игеру – өте абыройлы іс», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар, ҚРКФ басшысы жастар арасында жұмыссыздықтың жоғары деңгейі туралы сөз қозғады. Бүгінде елімізде 15-28 жас аралығында жұмыссыздар саны – 81 мың адамды құрап отыр.

«Бүгінде кәсіподақ жастары жас буынның кәсіп таңдауына көмектесу үшін кәсіпке бейімдеу жұмыстарын белсенді жүргізуі тиіс деп есептеймін», - деді Е.Тоғжанов.

Осы ретте ол Кәсіптік одақтар федерациясы жастарды мектептен бастап кәсіпке бейімдеу үшін ақпараттық портал құру жұмыстарын бастағаны туралы мәлімдеді. Бұл бастама осы жылы Қостанай облысынан бастау алды.

Өзекті мәселелердің бірі еңбекші жастар арасында жалпыға бірдей құқықтық оқуды ұйымдастыру жұмыстарын жалғастыру болып табылады.

Осы бағытта жасалған басты қадам ҚРКФ Оқу орталығының «Келешек» кәсіподақ мектебі» жобасы болып табылады. Жоба жастарға жеке, шығармашылық, кәсіби тұрғыда қалыптасуға көмектеседі, өзінің әлеуетін көрсетуге және кәсіподақ ұйымдарының басшылығына резервтегі лайықты кадр болуға мүмкіндік береді.

Басты міндеттердің бірі - жастарды кәсіптік одақтар қатарына кеңінен тарту жұмыстары.

«Адамдардың үлкен мақсатқа жалғыз емес, бірлік пен ынтымақтастық арқасында қол жеткізетініне тарих куә. Бірлесіп үлкен мақсатқа қол жеткізудің ең тиімді әдісі – кәсіптік одақтарға бірігу», - деп өз ойын жеткізді Ералы Тоғжанов.

Осы ретте ҚРКФ басшысы кәсіптік одақтар Еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін нығайту және арттыру, жастарды жұмысшы кәсіптеріне тарту және еңбекші жастардың беделін күшейту аясында бар күш-жігерін салатынын мәлім етті.

Форум аясында Қазақстанның әр өңірінен келген еңбекші жастар өкілдері өздерінің еңбек өтілдерімен, жетістікке жету жолдарымен бөлісті. Олардың қатарында кәсіптік одақтар тарихында тұңғыш рет Елбасы алдында сөз сөйлеген кәсіподақ мүшесі, Павлодар облысының Ақсу ферроқорытпа зауытының металл қорытушысы Александр Шутов болды. 26 жастағы металлург Александр өзінің негізгі жұмысымен қатар Павлодар облысының «Келешек» жастар кеңесінің мүшесі ретінде зауыттың қоғамдық өміріне белсенді қатысады.

«Елбасы Н.Ә.Назарбаев алдында сөз сөйлеген кезде өз кәсібіме деген мақтаныш сезімін сезінетінімді айттым. Пешпен жұмыс істеу маған еңбекке деген құрмет пен зор мақтаныш сезімін ұялатты, мен жас әріптестерімнің осыны түсінгенін қалаймын. Еңбек жолын кәсіпорында бастап та көптеген жетістіктерге қол жеткізуге болады. Біздің Президент Нұрсұлтан Әбішұлы барлығымыз үшін айқын үлгі болып табылады», - деп айтып өтті жас металлург.

Паралимпиец, Спорт және туризм академиясының студенті Серік Есматов өзінің күрес пен жеңіске толы өмір жолымен бөлісті.

Серік Есматов жасөспірім кезінде қос аяғынан айрылды. Дегенмен, өзінің қайтпас жігері мен қайсар мінезінің арқасында қалпына келіп, спортпен айналыса бастады. Жас белсенді басына түскен қиындықтарға қасқая қарсы тұра білді, өз мақсаттарына қол жеткізуге деген ынтасы артты. Қазір ол көптеген спорт түрлерімен айналысады, олардың ішінде волейбол, үлкен теннис, жеңіл атлетика, суда жүзу, ядра лақтыру мен сүңгі ату, сондай-ақ арбамен жарысқа қатысады. Жуырда Серік Есматов АҚШ-қа барып, халықаралық жарыстарға қатысып келді.

«Басымнан өткен оқиға мен үшін ауыр психологиялық соққы бола алмады. Мен бұл жазатайым оқиға екінші рет дүниеге келуім болады деген нық сенімге келдім. Бастысы – айқын мақсат қоя білу және өмірге деген көзқарасымыздың дұрыс болуы. Көңіл күйді түсірмей, біреуден аяушылық күтпей, алға қарай қадам жасау қажет», - деп есептейді спортшы.

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық oрталығының ауруханасы нейрохирургия бөлімінің жетекшісі, нейрохирург-дәрігер Мыңжылқы Бердихотжаев отандық медицинаның мүмкіндіктері туралы өз ойымен бөлісті, оны дамыту жолдары туралы айтты.

Оның айтуынша, еліміздің барлық өңірлерінде жыл сайын 250-ден астам операция жасалады. Нейрохирургияда, соның ішінде тамыр нейрохирургиясында әлемде алғаш рет енгізіліп жатқан жаңа технологиялар өте көп. Бізде осы операциялардың көп бөлігі бар.

«Болашақта бізге азаматтарымыздың шетелге ағымын тоқтату үшін емделушілер айналымын толыққанды қамтамасыз ету маңызды. Сонда ғана біздің азаматтар отандық медицинаға толыққанды сене алады және медициналық туризмді дамыту мүмкін болады», - деп есептейді Мыңжылқы Бердихотжаев. Ол форум қатысушыларына толағай табыс пен жетістіктерге жету жолында күш-жігер тіледі.

Жедел персонал жұмысының барлық сатысынан өткен алматылық жас энергетик Серік Талдыбаев бүгінде ТЭЦ-1 цехы басшысының орынбасары болып табылады. Ол өз кәсібіне деген сүйіспеншіліктің маңызды екенін айтты.

«Елімізде әр жас өз еңбегімен үлкен белестерге көтеріле алады деп санаймын. Бізде өндірісте 30 жасқа толмаған еңбекші жастар баршылық. Бүгінде менің болашаққа деген жоспарларым өте көп. «Генерал болғысы келмейтін солдат жоқ» демекші, алдағы мақсатым айқын. Энергетика саласында әрі қарай да жұмыс істей берерім анық. Маған өз кәсібім ұнайды. Мен адамдарға өз пайдамды тигіземін. Мен және менің әріптестерім Алматы қаласының үйлеріне жылу сыйлайды », - деп атап өтті Серік Талдыбаев.

Сондай-ақ, ол кәсіптік одақтарға өз ризашылығын білдірді.

«Жұмыста әртүрлі жағдай орын алады. Кейде жұмысшы мен жұмыс беруші өзара келісе алмай қалады, осының салдарынан даулы жағдай болады. Осы кезде ұжымдық шарттың маңызы зор. Біздің компанияның ұжымдық шарты еліміздегі ең үздік шарттардың бірі болып табылады. Осы орайда жұмысшыға әркез көмек көрсетуге дайын кәсіподақ комитетінің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Бұл бізге сенімділік ұялатады. Себебі, жұмысшы өз құқығының қорғалатынын біледі», - деді энергетик.

Белгілі қоғам қайраткері, «BatyrGroup» компаниясының негізін салушы, «Smart.Point Incubator» басшысы Тимур Сүлейменов өзінің жетістікке жету жолымен бөлісе отырып, жастарды өсіп-өркендеу үшін барлық заманауи мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.

Ол 100-ден аса шара өткізген. Инвестициялар қоры 82 млн теңгені құрайды. Әлеуметтік кәсіпкерлік жобаларын жүзеге асыру ісінде үлкен тәжірибеге ие бола отырып, ол 4 жобаның менторы және 7 жас кәсіпкердің тәлімгері болды.

«Бүгінде мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерді қолдауға жіті көңіл бөлінуде. Өз құзыреттерін жетілдіруге, стартаптарды жүзеге асыруға және дамытуға мүмкіндік беретін көптеген бағдарламалар бар. Бұл қазақстандық қоғамның ашықтығына бағыт алған Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың саясатының арқасында еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап мүмкін болды», - деп атап өтті Тимур Сулейменов.

Қоғам қайраткері, КВН мүшесі, актер Құрмаш Шыңғыс студент кезден бастап КВН-да ойнайды. «Келешек» мүшелеріне арнаған сөзінде ол әр адам өзінің сүйікті ісімен айналысуы тиістігін айтты.

Құрмаш табыстың кілті осында екеніне сенімді. Ол кәсіподақ жастарына танымал ZTB инстаграм-каналы арқылы креативті ойлары мен жобаларды насихаттауда қолдау көрсетуді ұсынды.

«Дұрыс сұрақтарды қоя білу қажет. Мемлекет маған не береді деп емес, мен елім үшін не істей аламын деп сұрау керек», - деп өз ойымен бөлісті Құрмаш Шыңғыс.

Бір ай бойы дүниежүзілік чарттарда орын алған, американдық рэпер Карлос Сент-Джонның әніне жасалған танымал ремикстің авторы Ақсу-1 теміржол стансасының 19 жастағы сигналшысы Иманбек Зейкенов екенін біреу білсе, біреу білмейді. Оның ремиксі Shazam музыкалық қосымшасында 6,5 миллионнан астам рет қаралған, Apple Music топ-10-ға енді, Яндекс-музыка чартында бесінші орын алды, Spotify-та төрт миллион тыңдалым жинады, YouTube-тегі Saint Jhn рэпердің каналында миилионнан астам қаралым жинады.

Форум қатысушылары алдында сөз сөйлеген Иманбек отандық темір жолға – Еңбек адамының жолына деген сүйіспеншілігі туралы айтты.

«Мені туған қаламда танып, мынау сол Иманбек қой деп жатқанда көп жағдайда ыңғайсыз күйде боламын. Себебі, мен өзімді өз жолын тапқан қарапайым сигналшы деп есептеймін. Тәуелсіз Қазақстанның дамуы негізінде қарапайым Еңбек адамының ерен еңбегі жатыр деп санаймын», - деп атап өтті Иманбек Зейкенов.

Жас теміржолшы өз трегін Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа арнайтынын атап өтті. «Еңбек – ең мықты валюта», - деп еліміздің Тұңғыш Президенінің сөзін келтірді Иманбек.

Форум аясында кәсіподақтар қозғалысының жас белсенділері Қазақстан Республикасы Кәсіптік одақтар федерациясының алғыс хаттарымен атап өтілді.

Жас активистер жастар қойылған мақсаттарға қолжеткізу үшін барлық мүмкіндіктерді қалыптастыруда Елбасы саясатының маңызды рөлі туралы айтты.

«Келешек» кеңесінің шешімімен форумға қатысушылар Елбасы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа үндеуді бірауыздан қабылдады.

Соңғы жаңалықтар