Алматыда кәсіпорын қызметкерлерінің вакцина алған-алмағаны тексеріліп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі қалалық жедел штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, 7 қыркүйекте ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия вакциналау бойынша рейдтер алгоритмін бекіткен болатын.

Алматының мониторинг топтары 10 қыркүйектен бастап 302 бизнес нысаны мен мегаполистегі жоғары оқу орындарын тексерді. Бұларда 65 536 қызметкер бар, олардың 55 618-і (84,8%) вакциналанған, 4 439-ы (6,8%) екпе алмаған, ауырып жазылғандар немесе медициналық қарсы көрсетілімдері барлары – 5 479 (8,4%).
Барлық кәсіпорында коронавирусқа қарсы вакциналанудың қажеттілігі мен маңызы туралы кеңес берілді, өйткені вакциналанбаған қызметкерлердің басым бөлігі ұжымда дерттің қайтадан ушықтыруы мүмкін.
11-17 қазан аралығында мониторинг топтар 35 кәсіпорынды тексеріп, 12 541 адамды қамтыды. Олардың ішінде 9 987 адам вакциналанған, 1 240-ы екпе алмаған, 1 314 адамның медициналық қарсы көрсетілімі болған.
Тексерушілер мониторинг барысында медициналық қарсы көрсетілімі бар қызметкерлер арасында бекітілген 026-У формасының сәйкессіздігіне байланысты бірқатар бұзушылық анықталғанын атап өтті. Сондықтан медициналық анықтаманың дұрыстығын тексеру үшін шара қабылданатын болды. Оның үстіне, Алматыда бірқатар сауда-ойын-сауық орталығы мен сауда үйлері қызметкерлерінің Ashyq-тың «көк» мәртебесі бойынша жұмыс істейтіні, олардың әлі күнге дейін «жасыл» мәртебені алмағаны анықталды.
Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының Алматы филиалы ұсынған вакциналану картасының негізінде қызметкерлер саны 50 адамнан асатын және вакциналанған қызметкерлердің саны 60%-дан төмен кәсіпорындарда вакциналау жоспары жасалды.
Еске салсақ, 17 қазаннан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы күшіне енді, оған сәйкес вакциналанған, вакциналанбаса да (жеті күнде бір рет) ПТР-тестісі және тұрақты медициналық қарсы көрсетілімі жөнінде анықтамасы бар немесе үш ай ішінде КВИ-мен ауырған қызметкерлерге жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Алматы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов атап өткендей, «Атамекен» КВИ пандемиясымен күресудің жалғыз құралы ретінде халықты жаппай вакцинациялау қажеттілігін қолдайды. Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйрығын талқылау кезінде «Атамекен» сараптамалық қорытындыда өз ұстанымын білдірді. Жалпы, Кәсіпкерлер палатасы кәсіпорын басшыларынан ұжымдарды вакциналауға барынша көмек көрсетуді және жағдай жасауды сұрайды. Бұдан өзге, биылғы жылдың 28 шілдесінен бастап жолаушылар мен қоғамдық көлік жүргізушілерін тексеру жалғасып жатыр. Тексерудің барлық кезеңінде 1 618 автобус пен троллейбусқа мониторинг жүргізілді.
Қоғамдық көлікте бетперде режимін сақтамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес 224 жеке тұлғаға және бір заңды тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде өткен аптада 11 жолаушы жауапқа тартылды. Қоғамдық көлікте бетперде тағу инфекция қаупін азайтатыны белгілі. Инфекцияны азайту үшін түнгі уақытта қоғамдық көлік салондарын дезинфекциялау ұйымдастырылды. Дерттің төмендеуіне қарамастан эпидемиологиялық ахуал бұрынғыдай күрделі болып қалуда.
Күн сайын қалада 300-ден астам КВИ жұқтырғандар анықталады, инфекциялық стационарларда 1 368 адам, оның ішінде 28 бала бар. Сондықтан мамандар Алматы тұрғындары мен қонақтарын әлеуметтік қашықтық пен бетперде тағу ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Айта кетерлігі, дерттің өсуін тоқтатудың жалғыз әрі тиімді әдісі – вакциналану арқылы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру.

Соңғы жаңалықтар