Алматыда Қазақстан мен АҚШ дамуға ресми көмек саласындағы ынтымақтастықты талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Рәпіл Жошыбаев «USAID» америкалық халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігінің әкімшісі көмекшісінің міндетін атқарушы Хавьер Пьедрамен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Кездесу барысында дамуға ресми көмек (ДРК) саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері және өзара іс-қимылдың әлеуетті бағыттары, соның ішінде «KazAID» Агенттігінің қызметкерлері үшін тәжірибелік семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Р.Жошыбаев қазақстандық ДРК жүйесін қалыптастыру бойынша ҚР СІМ-нің жүргізген жұмысы, Қазақстанның шетелдік донорлармен ынтымақтастықта соңғы бірнеше жыл ішінде іске асырған пилоттық жобалары, сонымен қатар бұл саладағы ұлттық оператордың құрылғаны туралы хабардар етті. Бұдан өзге, ҚР СІМ өкілі Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық қалпына келуі және мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы мен т.б. салаларын дамытуға бағытталған Қазақстанның АИР-ға тұрақты түрде көрсетіп жатқан көмегі туралы әңгімелеп берді.

Өз кезегінде, «USAID» өкілі «KazAID» агенттігінің құрылғанын жылы қабылдап, ұлттық ДРК жүйесін дамыту үшін техникалық көмек көрсетуге және оның пікірінше, Орталық Азия мен Ауғанстанда тұрақтылықты нығайтуға үлес қоса алатын бұл саладағы тәжірибемен бөлісуге әзірлігін білдірді. Сонымен қатар, Х.Пьедра аталған елдерге олардың дамуы мақсатындағы Қазақстанның көмек көрсетуі бойынша күш-жігерін жоғары бағалады.

Қазақстандық тарап Орталық Азия елдері мен Ауғанстанда халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру, электронды Үкімет жүйесін ендіру, шекара маңындағы сауданы дамыту, сондай-ақ таза ауыз сумен қамтамасыз ету, су ресурстарын тиімді пайдалану және т.б. жобаларды бірлесе іске асыру мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ДРК саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, соның ішінде жақын арада бұл саладағы ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге жеткізуге мүмкіндік беретін Қазақстан мен АҚШ Агенттіктерінің арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қоюға уағдаласты.


Соңғы жаңалықтар