Алматыда көлік астына әдейі түспек болған ер адам ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда көліктің астына әдейі түспек болған мас ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық ПД «102» пультіне «Мирас» ықшамауданында белгісіз біреудің көліктің астына әдейі түспекші болғаны туралы хабарлама түскен. «Буран» экипажы оқиға орнына жедел жеткенде полиция қызметкерлері жол бойында тұрған жас жігіттің өтіп бара жатқан көліктерге әдейі қарсы жүргенін көрген. Сондай-ақ, ол жалғыз болмаған.

«Жақын жерде А. есімді әйел адам басқарған «Хюндай Элантра» маркалы автокөлік тұрды. Олар бірге сыра сатып алуға бара жатқан. Бірақ олардың дөңгелегі жарылып қалғандықтан, 1999 жылы туған К. есімді жігіт мас күйінде жолдағы көліктерді тоқтатамын деген үмітпен жол жиегіне қарай жүгіре жөнелген. Инспекторлар бойжеткенің де мас екенін байқаған. Полиция қызметкерлерінің құжаттарды көрсетулерін сұрағанда, К. есімді тұрғын өзін агрессивті түрде ұстап, балағаттаған. Олардың ешқандай құжаттары болмаған», – деді Бостандық аудандық полиция басқармасының басшысы Дәурен Өтебаев.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны қызметтік көлікке отырғызбақшы болғанда, бұзақы олардың біріне жұдырық ала жүгірген. Инспекторлар оның қолына кісен тағуға мәжбүр болған.

«Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, К. мырза мен A. есімді әйел орташа ауырлықтағы мас күйінде болған. К. есімді тұрғынның бұл әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 3-бөлімінің 9-тармағына (төтенше жағдай жарияланған аймақтағы билік өкіліне зорлық-зомбылық қолдану) сәйкес деп танылды. Қазіргі уақытта ол ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар, А. есімді әйел Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 20 тәулік мерзімге қамауға алу түріндегі әкімшілік жазаға тартылды және көлік құралын басқару құқығынан 8 жыл мерзімге айырылды. Сондай-ақ, А.есімді азаматша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабына сәйкес (төтенше жағдай режимін бұзу) әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 10 АЕК айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды», – деді Өтебаев.

Соңғы жаңалықтар