Алматыда көліктердің экологиялық нормаларға сәйкестігін тексеріп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жылжымалы экобекеттер көліктердің экологиялық нормаларға сәйкестігін тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күн сайын Жасыл экономика басқармасы мен Полиция департаментінің қызметкерлері 11 экипажбен жолға шығады.

Экопосттардың тестілік режимдегі жұмысы барысында 2550 көлік тексерілді, оның ішінде 1193 көлік дизельдік отынмен, 1357 бензин мен жүрсе, 589 көлікте пайдаланылған газ мөлшері қалыптан асқан. Тексерілген барлық көліктің 23%-ы - экологиялық нормаға сай келмейді.

Құрылыс алаңдарында қоршаған ортаны қорғау шараларын бұзған 269 жүк көлігі анықталды.

Сонымен қатар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 334-бабына сәйкес жүріс кезінде ауаны ластайтын шығарындылары мен шуы бекітілген нормадан асып түсетін көлік пен өзге де жылжымалы құралдарды пайдаланғаны үшін ескерту немесе жеке тұлғаларға 10, заңды тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.

Сондай-ақ, осы баптың бірінші тармағына сәйкес, аталған құқық бұзушылық бір жылдың ішінде тағы қайталанған жағдайда жеке тұлғаларға 20, заңды тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Еске салайық, қазіргі кезде Алматының кіре берістерінде 19 экопост орнатылды. Оның 15-і жұмыс істеп тұр. Қалғаны осы жылдың аяғына дейін іске қосылады.

Барлық посттар арнайы өлшеуіш құралдарымен және бейнебақылау камераларымен жасақталған.

Қалалық Полиция департаменті «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 334-бабына сәйкес соңғы он ай ішінде 18799 көлікке қатысты жалпы сомасы 24 876 млн теңгеге әкімшілік хаттама толтырған.

Мониторинг экологиялық нормалардың бұзылуы негізінен Талғар, Қарасай аудандарынан келетін көліктерде көп кездеседі.


Соңғы жаңалықтар