Алматыда көліктердің мемлекеттік нөмірлерін ұрлаудың 21 фактісі тіркелді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– Алматы қаласының аумағында жыл басынан бері тұрақта тұрған көліктерден мемлекеттік нөмірлерді ұрлаудың 21 фактісі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тіркелген 21 ұрлықтың 20-сы ашылды. Үш адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

« Бұл қылмыстар материалдық-пайдакүнемдік сипатқа ие. Құқық бұзушы жәбірленушінің мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін алып кетіп, автокөлік иесіне алдын ала дайындалған есепшотына ақша салуды талап етеді. Ақша түскен соң, ұрланған нөмірді жасырған жерін көрсететінін жазып, хат қалдырады. Бұл құқық бұзушылық бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалады», –деді Алматы қаласының ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.

Ал, 777, GGG және тағы да басқа осы сияқты ресми түрде бірдей әріптік белгілермен немесе сандар тізбегімен орналастырылған, ақылы негізде сатып алынып, тіркелген мемлекеттік тіркеу белгілерін ұрлау ҚР ҚК-нің 188- бабы 1-бөлігі бойынша айыпты деп танылады. «Мұндай ұрлықтың жыл басынан бері бір фактісі тіркелген. Күдікті анықталды. Сонымен қатар біз азаматтарды қаскүнемдердің жетегіне ермеуге және дереу «102» пультіне хабар беруге шақырамыз», – деді Еркін Іңкәров.


Соңғы жаңалықтар