Алматыда колледж кәсіподағы студенттердің шәкіртақысынан заңсыз ақша ұстаған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық прокуратурасы студенттердің құқығын қорғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала прокуратурасы колледждердің қызметіне студенттердің сабаққа қатыспағаны үшін айыппұл санкцияларын салудың заңдылығына талдау жүргізді.

Мониторинг көрсеткендей, Алматыда бірқатар колледж сабаққа қатыспағаны үшін студенттерге айыппұл салады, ал басқалары оларға тәртіптік жаза қолданады. Сонымен қатар, кейбір колледждердің нормативтік құжаттары студенттерге айыппұл санкцияларын қолдануды қарастырады.

«Қала прокуратурасының араласуынан кейін колледж әкімшіліктері осы тармақтарды алып тастады. Қадағалау актісі бойынша колледжде оқитын 473 студенттің құқығы қалпына келтірілді, студенттерге салынған 3 млн теңге көлеміндегі айыппұл қайта өтелді. Сонымен қатар, 4 мыңнан астам колледж студенттерінің шәкіртақысынан кәсіподақ 4,5 млн теңгені заңсыз ұстап қалғаны анықталды»,– деп хабарлады ведомстводан.

Заңға сәйкес, кәсіподақтардың қызметі жұмыс берушінің алдында жұмыскердің құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған.

«Сондықтан қадағалау актісімен студенттердің стипендиясынан ұстап қалу және айыппұл санкцияларын өндіріп алудың заңсыз практикасы тоқтатылды. Студент жастардың құқықтарын сақтау қала прокуратурасының тұрақты бақылауында»,– деп атап өтті прокуратурадағылар.


Соңғы жаңалықтар