Алматыда күрделі жөндеуден соң қалалық бейімдеу оралығы қызметін қайта бастады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы мүмкіндігі шектеулі балаларды бейімдеу орталығы жанындағы психо-медициналық-педагогикалық комиссия (ПМПК) және психологиялық - педагогикалық кабинет күрделі жөндеуден кейін жұмысын қайта бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бейімдеу орталығында 17 бөлім бар.

«Түрксіб ауданындағы Физули көшесінде орналасқан №3 психо-медициналық-педагогикалық комиссия (ПМПК) және психологиялық - педагогикалық кабинеттері былтыр маусым айында күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу жүріп жатса да, біз жұмысымызды тоқтатпадық. Өйткені, ПМПК және КППК жыл бойына қызмет көрсетеді. Сол себепті №89 мектепте уақытша орналастық. Бізге қолұшын беріп, кабинет бөлген мектеп директоры Қарлығаш Серғазықызына алғысымызды білдіреміз»,- деді «Алматы қалалық Мүмкіндігі шектеулі балаларды бейімдеу орталығы» ММ директоры Қарлығаш Шайжанова.

Оның айтуынша 8 ай бойы ғимараттың сейсмологиялық тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, жертөлелер тазартылды, жылу құбырлары ауысты.

Сондай-ақ, шатырларды қалпына келтіріліп, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған әжетхана орнатылды.

Бұл ғимарат 1992 жылдан бастап жұмыс істейді. Мұнда жаңа туған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгілер медициналық көмек алады. Жүйке-жүйесінде, психологиялық дамуында ақауы бар, аутист, неврологиялық сырқаты бар балалар, есту және көру қабілеттері төмен балалар ем алады.

«ПМПК – балаларды тексеріп, диагнозын қойып, қорытынды шығарып, тиісті мекемелерге жолдама береді. Ал КППК – ПМПК жасаған қортындыға сай психологиялық-педагогикалық көмек көрсетеді. Арнайы коррекциялық топ топтастырады. Топпен және жеке жұмыс жасайды. Бұл - Алматы бойынша тегін қызмет көрсететін жалғыз бейімдеу орталығы. Бірақ, біздің мекеме жақында қайта құрылады»,-деді орталық басшысы.

Директордың айтуынша, қайта құрылғаннан кейін мекеме оңалту орталығы деп аталмайды. Мұндағы барлық бөлімшелер өз алдына жеке-жеке заңды мекеме болады.

«Мысалға, Түрксіб аудандық ПМПК, Түрксіб аудандық КППК болып аталады. Дәл бүгінгідей бүтін бір орталық болмайды. Әрине, Алматы қалалық әкімдігі мен ҚР Білім және ғылым Министрлігі жас ерекшелігіне қарай бейімдеу орталығын ашу туралы ұсынысты қарап көрсе деп ойлаймыз. Тек сонда ғана мүмкіндігі шектеулі немесе ерекше күтімді қажет ететін бала болсын, ересек адам болсын кешенді түрде ем алатын еді. Мұндай кешенді емнің нәтижесі әлдеқайда жоғары болады», - дейді Қарлығаш Шайжанова.


Соңғы жаңалықтар