Алматыда құрылыс компанияларына талап күшейтіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев халыққа есеп беру кездесуінде қалада тұрғын үй кешендерін салатындарға қатаң талап қойылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Алматыда тұрғын үй кешенін салушыларға балабақша мен мектеп салу міндеттеледі.

«Енді әкімдікке жоспарымен келген кәсіпкерлерден талап етеміз. Егер жоспарға мектеп кірмесе, онда құрылысқа рұқсат етілмейді. Біздің талап - мектептерге, балабақшаларға және шағын амбулаторияларға деген сұранысты қанағаттандыру. Тек осы қағидаға сай шешім шығарамыз», - дейді әкім.

Бұл принцип қазірдің өзінде қолданылады. Мысалы, Алатау ауданында 22 үйден тұратын «Мәдениет» тұрғын үй кешені салынып жатыр. Онда жобаға сай 120 орындық балабақша құрылысы қарастырылған.

«Қайрат» шағын ауданында № 41 үйдің құрылысы басталды, жобада 1 500 орындық мектеп, 260 орындық балабақша мен емхана бар.

«Демалыс орындарын жақсарту және құру мақсатында аулалар жөнделуде, ойын және спорт алаңдары құрылуда. Мысалы, М.Әуезов ауданында 2020 жылы 205 аула, 9 сквер жөнделді, 5 бос учаске, 2 жағалау аймағы абаттандырылды, 10 шағын аудандағы жаяу жүргіншілер аймағы жөнделуде. Сондай-ақ, бұл ауданда бір кездері қараусыз қалған учаскелерде скверлер мен көшелер бойында 10 спорт алаңы салынды, аулаларды жөндеу кезінде тағы 50 алаң құрылды», - дейді Бақытжан Сағынтаев.


Соңғы жаңалықтар