Алматыда медициналық қызметтің сапасын көтеру мәселелері талқыланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыны дамыту жөніндегі кеңейтілген кеңесте берген тапсырмасын орындау мақсатында қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров штабтың кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында қан айналымы жүйесі ауруларынан, жарақаттар мен жазатайым оқиғалардан болатын өлім-жітім көрсеткіштерін төмендету, сондай-ақ хирургиялық қызметтің сапасын арттыру мәселелері қаралды.

Қалалық ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлерінің есебін тыңдаған шаһар басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаров инсульт, инфаркт, сондай-ақ өмірге қауіп төндіретін жарақаттармен күресу жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

«Өлім деңгейін төмендету бойынша жоспарлы және жүйелі жұмыс істеу қажет. Әр бас дәрігер аурудың өршуіне әсер ететін факторларды анықтап, өлім-жітімнің алдын алуға ықпал ететін шешімдерді табуы тиіс», — деді Ержан Бабақұмаров.

Жиынға қатысушылардың пікірінше, медициналық жабдықтарды жаңарту арқылы көрсетілетін қызметтің сапасын көтеруге болады. Айта кетейік, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылда Алматының медициналық мекемелерін 90% заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету көзделген.

Сонымен қатар, басқосуда медқызметкерлердің білім сапасы мен біліктілігін арттыру, сондай-ақ болашақ дәрігерлерді даярлау мәселесі туралы айтылды.

Кеңеске Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының м.а. А. Мадеева, «әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы бойынша филиалының директоры Т.Әбілдаев, ҚДСБ басшысының орынбасары А. Бисенбаева, ҚДСФ директорының орынбасары Ж.Кенжебаева қатысты.

Соңғы жаңалықтар