Алматыда метроның жаңа стансалары 2021 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық мобильділік басқармасы «Сарыарқа» және «Достық» стансаларының құрылыс жұмыстарының барысы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Метрополитеннің бірінші желісі екінші кезегінің екінші іске қосу кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл «Мәскеу» стансасынан Б.Момышұлы көшесіне дейінгі «Сарыарқа» және «Достық» стансалары. Стансалардың темір-бетон құрылымдарын, жолдың жоғарғы жағын салу жұмыстары аяқталуда, инженерлік желілерді монтаждау жұмыстары, сондай-ақ сәулет-әрлеу жұмыстары басталды», - делінген Алматы қаласы қалалық мобильділік басқармасының ҚазАқпаратқа жолдаған сауалының жауабында.

Бұдан бөлек, үшінші іске қосу кешені – «Қалқаман» стансасының құрылыс жұмыстары басталды. Учаске трассасы Ясауи көшесінен батыс бағытқа қарай Абай даңғылы арқылы Әшімов көшесіне дейін және әрі қарай солтүстік бағытта Байзақ батыр көшесіне дейін жалғасады. «Қалқаман» стансасы Әшімов көшесінің астында Елібаев көшесі мен Байзақ батыр көшесіне дейінгі шекарада орналасқан.

«Екінші іске қосу кешені – метрополитеннің бірінші желісінің екінші кезегіндегі «Сарыарқа» стансасы мен «Достық» стансасы 2021 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатыр», - деп атап өтті басқармадан.

Сонымен қатар, метрополитенді батыс бағытқа қарай «Мәскеу» стансасынан «Батыс» автовокзал стансасына дейін кеңейту қарастырылуда. Желі учаскесіне екінші іске қосу кешені – «Сарыарқа» стансасы мен «Достық» стансасы, үшінші іске қосу кешені – «Қалқаман» стансасы, үшінші кезек кіреді, оның жобалық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Стансалар әр жылдары түрлі мерзімде ашылады деп болжанып келді, бастапқыда 2017 жылы, кейін 2020 жылы, 2021 жылдың бірінші тоқсанында ашылатыны айтылған еді.


Авторы: Данияр Дәуітәлиев


Соңғы жаңалықтар