Алматыда онлайн-ХҚО кеңесшілерінің саны артты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін Қазақстанда халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы тоқтатылды. Азаматтар мемлекеттік қызметтерді тек электронды форматта ғана ала алады. Осыған орай «Азаматтарға арналған үкіметтің» Алматы филиалы онлайн-кеңесшілердің санын көбейтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде енгізілген төтенше жағдай режиміне байланысты азаматтар мемлекеттік қызметтерді үйде отырып алу үшін «электронды цифрлық қолтаңба» (ЭЦҚ) алуға немесе мобильді азаматтар базасына тіркелуге өтініш беруде. Ал олардың сәйкестендіру рәсімін растау үшін онлайн-Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚО) жұмыс істейді.

«Онлайн-ХҚО-да 40 оператор екі ауысымда қызмет көрсетеді. Егер азаматтың телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелмеген жағдайда, жүйе оны ХҚО операторымен қосады. Ол бірқатар қосымша сұрақтар (құжаттардың деректері, тіркеу орны және т.б.) қоя отырып азаматты бейнебайланыс арқылы сәйкестендіреді», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік коропорациясы» коммерциялық емес АҚ Алматы қаласы филиалының директоры Данияр Қырықбаев.

Сонымен қатар, Алматы қаласы бойынша қызмет алушылардың сұрақтарына жедел жауап беру үшін арнайы Call-орталық жұмыс істейді. Оған 110 қызметкер жұмылдырылды. Call-орталық қызметінің сапасын қамтамасыз ету және жүктемені азайту мақсатында 60 кеңес беруші екі ауысыммен істейді.

«Тағы 50 қызметкер үйде отырып, тұрғындарға кеңес беріп, олардың мәселелерін жедел шешуге көмектесуде. Call-орталық ашылған сәттен бастап қызметкерлер 25 мыңнан астам кеңес берген. Күніне 6-7 мың адам әртүрлі сұрақтармен жүгінеді», - дейді Данияр Қырықбаев.

Оның айтуынша, негізінен тұрғындар туу туралы куәлік алу, бала тууына байланысты жәрдемақылар, автокөлікке қатысты құжаттарды үйге жеткізу қызметі, онлайн ЭЦҚ, жеке куәлік алу, тұрғылықты жері бойынша уақытша және тұрақты тіркеу, емханаға бекіту, автокөлік құралдарын есептен шығару және қою, автокөлікке тыйым салуды тексеру, жүргізуші куәлігін қалай алу және ауыстыруға байланысты сұрақтарды жиі қояды.

«Айта кету керек, 608 мемлекеттік қызметті электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады, оның ішінде мамандандырылған бөлімдердің қызметтері де бар.Смартфон арқылы 60 қызмет түрін алуға мүмкіндік бар.

Осылайша, «Азаматтарға арналған үкімет» халықтың электрондық үкімет порталын белсенді пайдаланып, сыртқа шықпай-ақ, бар жұмысын үйде бітіріп, мемлекеттік қызметтерді онлайн алуына жағдайлар жасауда.Қызметтерді онлайн ала отырып әркім өзін және жақындарын қорғап, ортақ қауіпсіздікке өз үлесін қосады. Елімізде індет өршіп тұрғанда, жағдайға саналы көзқарас, ұқыптылық және үйден шықпау - коронавирусқа қарсы күресте біздің жеңісіміздің кепілі болмақ»,– деп қортындылады ол.


Соңғы жаңалықтар