Алматыда отандық тауар өндірушілерді қолдау күшейтіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жергілікті тауар өндірушілерді қолдау жұмыс тобы құрылады. Бұл қала әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымовтың қатысуымен өткен Жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік кеңес төрағасы Максим Барышев бастаған Алматы қаласының бизнес-қоғамдастығы қазақстандық тауар айналымына, сондай-ақ жергілікті кәсіпорындарды қолдау шараларына ықпал ететін бірқатар мәселелерді көтерді.

Отырыс барысында қала әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов орын алған мәселелерге кешенді түрде қарауды және бас мердігерлердің бюджеттік бағдарламаларының әкімшілерімен апта сайын кездесіп, әрбір жағдайды жеке қарастыратын Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшелерінен жұмыс тобын құруды ұсынды.

Мұндай пікірталас олардың арасында туындаған мәселелерді шешуге ықпал етеді. Жұмыс тобын құрудың басты мақсаты – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау.

Өз кезегінде Өңірлік кеңес басшысы Максим Барышев бұл бастаманы қолдап, сондай-ақ мемлекеттік сатып алудағы импортты бақылау мақсатында кәсіпорындарға көшпелі мониторингтік топтар құрудың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шараға Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов, жергілікті атқарушы органдар мен бизнес-қоғамдастығының өкілдері қатысты.


Соңғы жаңалықтар