Алматыда пәтер ұрылары ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы бұрын сотталған пәтер ұрыларын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда пәтер тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Тәртіп сақшылары үш адамды Алатау шағын ауданында кезекті қылмыс жасап, ізін суытқалы жатқан кезде жолын кесті.

«Ұсталған кезде көліктің ішінен темір сейф, алтын бұйымдар мен теледидар табылды. Кейін анықталғандай, бұл мүлік қылмыстық жолмен алынған: арнайы операциядан бірнеше минут бұрын ұрылар жеке жер үйді тонап, оның иесіне айтарлықтай шығын келтірген. Сондай-ақ, күдіктілердің тұрғылықты жерінен 10 ноутбук, әртүрлі маркалы 7 ұялы телефон тәркіленді. Күдіктілер пәтер ұрлығымен айналысатындарын мойындады. Олар осыған ұқсас 20 қылмыс жасаған», - деді қалалық қылмыстық полиция басқармасының бастығы Жанболат Зиадин.

Күдіктілер үйге терезе арқылы кірген. Көбіне олар үйді адамдар ұйықтап жатқан кезде тонаған. Жеңіл жолмен тапқан олжаларын армян нөмірін таққан қара «BMW 525» маркалы автокөлікке тиеп, әкетіп отырған.

Сонымен қатар, күдіктілердің дүкен мен сұлулық салонын да тонағаны белгілі болды. Қазір олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

«Наурызбай ауданында олардың 10 қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Мұны сотқа дейінгі тергеудің бастапқы кезеңінде білдік. Тергеу аяқталғанға дейін бұл көрсеткіш артуы мүмкін. Сонымен қатар күдіктілердің үйінен тәркіленген заттардың нақты иелерін анықтау жұмыстары жүргізілуде», - деді өз кезегінде Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.



Соңғы жаңалықтар