Алматыда ресейлік нөмірлі көліктерге 21,3 млн теңге айыппұл салынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл басынан бері Ресейде тіркелген көлік жүргізушілері 60 мыңға жуық заң бұзушылық жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Полиция департаменті мегаполисте жыл басынан бері РФ көліктерінің жүргізушілері жасаған 59 364 құқық бұзушылық тіркелгенін мәлім етті. Салынған айыппұл көлемі 21,3 миллион теңгеден асады.

«Айта кету керек, жол қозғалысына қатысушылардың осы санатындағы көлік жүргізу тәртібі нашар. Шет мемлекеттердің нөмірлері «Жол қозғалысы қауіпсіздігі» және «Сергек» автоматтандырылған ақпараттық жүйелері арқылы танылмайды деп жаңылысып, олардың жүргізушілері барлық жерде жол қозғалысы ережелерін бұзады: жылдамдықты шектен тыс асырады, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне қарамай, қиылыстарды кесіп өтеді, қарсы келе жатқан жолаққа өтеді, жол белгілері мен таңбалау талаптарын сақтамайды. Бұл жол апатына әкеп соғады. Түрлі қулыққа бару арқылы жауапкершіліктен жалтару әрекеттері сәтті аяқталмайтынын және нәтижесіз болатынын ресми түрде мәлімдейміз», – деді Алматы қалалық ПД бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.

Оның айтуынша, Заң – бәріне бірдей. Жол қозғалысы ережелері қатаң сақталуы тиіс.

«Алматы жолдарында шетелде тіркелген көліктердің қатысуымен 50-ден астам ауыр жол апаты болды. Соның салдарынан бір адам қаза тауып, тағы 59 адам жарақат алды»,- дейді полиция өкілі.


Соңғы жаңалықтар