Алматыда республикалық «Қайырымдылық керуені ІІІ» байқауының жеңімпаздары марапатталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрында республикалық «Қайырымдылық керуені ІІІ» байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Игі шара Нұрсұлтан Назарбаев қорының ұйымдастыруымен үшінші мәрте өткізіліп отыр. Сондай-ақ, оған іскер әйелдер қауымдастығы да ұйытқы болды. Биыл қатысушылардың саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткішке жеткен. Яғни, 700 ге жуық өтінім келіп түскен.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаға қатысушылар - жарқын тұлғалар. Олар мұқтаж адамдарға көмектеседі, қайырымдылықпен белсенді айналысады, батылдық танытады. Олардың арасында еліміздің мәдениетін дамытуға ат салысатын, экологиялық мәселелерді шешетін, әлеуметтік кәсіпкерлікті жүзеге асыратындар да бар.

Марапаттау рәсіміне «Қайырымдылық керуені ІІІ « байқауының комиссия төрағасы, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаева мен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Дариға Назарбаева байқауға қатысуға ниет еткен мейірімді, қайырымды адамдардың саны жыл сайын көбейіп келе жатқанын тілге тиек етті.

«Биылғы «Қайырымдылық керуені» ерекше. Коронавирус пандемиясы, карантиндік шектеулер әрқайсымыздың өмірімізге әсер етті. Бүгінгі шараға қатысушылар арасында осы қиын-қыстау кезеңде өз күштері мен мүмкіндіктерін аямағандарын ерекше атап өткім келеді. Әрбір оқиғаның артында адам басына түскен қайғы мен мұң және мейірімділік пен махаббат тұр. Мейірімділік пен ынтымақтастық бірлескен кезде, төтеп бере алмайтын қиындық болмақ емес. Жарқын оқиғалардың куәсі болу үлкен қуаныш. Сондай-ақ, халқымыз үшін, еліміз үшін, туған Қазақстанымыз үшін мақтаныш сезімі оянады»,-деді Дариға Назарбаева.

«Туған жер» номинациясының жеңімпазы Дәурен Кұлшыгешовтың айтуынша, қайырымдылық-қазақтың қанына біткен қасиет.

«Коронавирус індеті өршіген кезде ел-жұртқа барынша көмек қолын созуға тырыстық. Семейде бірнеше азамат бірігіп 177 млн теңгеге Ресейден өкпені желдету аппаратын әкелдік. Оған қоса емдеу мекемелеріне 17 млн теңгенің дәрі-дәрмегін алдырдық. Сонымен қатар, көпбалалы аналарға үй әперіп жатырмыз. Жақында бесінші үйді сыйға тарттық»,- дейді «Туған жер» номинациясы бойынша үздік деп танылған Дәурен Кұлшыгешов.

Ал, «Асар» номинациясының жүлдегері Гүлсім Елекбаеваның пікірінше,

қайырымылық жасаймын деген адамға ештеңе де (мүгедектік те ) кедергі бола алмайды.

« Егер адам жақсылық жасаса, ол өзіне еселеп қайтады. Мен өз басым қашан да жақсылық жасауға асығып тұрамын. Мен ойыншық тоқимын. Сол қолымнан шыққан бұйымдарды балалар үйлері мен тұрмысы төмен отбасының баларына тегін таратып беремін»,- дейді ол.

Байқау жеңімпаздарының есімдері «Асар», «Туған жер», «Мейірім жолында», «Батыл жүрек», «Қайырымдылық тарихы» сияқты бес аталым бойынша анықталды. Биыл оның қатарына жаңадан «Жануарға мейірім», «Бала жүрегі» номинациясы қосылды. Ақмола облысынынан келген 8 жасар Ералы Долқын ата-анасының тәттіге берген тиын-тебенін жинап, оны өкпені желдету аппаратын алуға жұмсапты. Бүгін ол да жеңімпаздар қатарынан табылды.

«Менің жасым сегізде. Үшінші сыныпта оқимын. Мен бір жыл бойы ата-анам, туысқандарым берген ақшаны жинадым. Оған өзіме қажетті нәрсе алғым келген. Жазда адамдар қатты аурығанда жиналған 6350 теңгемді аппарат алуға бердім. Мына ауру тезірек кетіп, адамдар енді ауырмаса екен»,-дейді «Бала жүрегі» номинациясының жеңімпазы Ералы Долқын

Байқауға әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге атсалысып жүрген, басқаларға игі істерімен үлгі бола білген жеке және заңды тұлғалар ғана қатысты. Ал, кәсіпкерлік субъектілері мен қайырымдылық қызметті мемлекеттік қолдау арқылы жүргізетін тұлғалар қатыстырылмайды.

Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын байқау алғаш рет ұйымдастырылғанда оған 100 ге тарта адам қатысқан. Былтыр олардың саны 300 ге жуықтаса, ал биыл 670 өтінім түскен. Нәтижесінде 7 номинция бойынша 21 адам жеңімпаз атанды.



Соңғы жаңалықтар