Алматыда тарихшылардың VІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында «Ұлы даланың ұлы есімдері: жастарды патриоттық тәрбиелеудің ғылыми-теориялық және зерттеу мәтініндегі практикалық қырлары» атты жас тарихшы ғалымдардың VІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференция жұмысына Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттерінің өкілдері, қазақстандық ғалымдар, қоғам қайраткерлері, білім беру ұйымдары, докторанттар мен магистранттар қатысты.

Конференцияның мақсаты – қазіргі заманғы тарих ғылымының өзекті мәселелерін талқылау, оның ішінде ғылыми зерттеулердің тұлғатану бағытын дамыту, «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы бойынша нәтижелерін көпшілікке тарату, өскелең ұрпаққа патриоттық және адамгершілік тәрбие беру.

«Жас ғалымдардың халықаралық ғылыми –теориялық конференциясы осымен жетінші рет өткізіліп отыр. Жыл сайын жас тарихшылардың саны артып келеді. Биылғы шара Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттарына арналды. Конференцияға қатысушылар өздерінің ғылыми зерттеулерін ұсынды. Баяндамалардың ғылыми маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар, қазіргі тарихи тұлғатанудың өзекті мәселелерін талқыладық»,- дейді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Малика Моряк.

Конференция материалдарының жинағы Қазақстанның, шетелдердің кітапханаларына, ЖОО, ғылыми-зерттеу институттарына таратылатын болады.

«Отандық ҒЗИ мен жоғары оқу орындарына Ұлы дала тұлғаларын зерттеу бойынша жобаларды әзірлеу кезінде шетелдік әріптестер, оның ішінде жақын және алыс шетелдердің бейінді ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарынан жас ғалымдары тартылды. Сондай–ақ жоғары оқу орындарына дипломдық жұмыстар, магистрлік диссертациялар, PhD диссертациялық зерттеулер, білім беру курстары тақырыптарына тарихи тұлғаларды зерттеуге бағытталуын күшейту қолға алынды»,- дейді Малика Моряк.

Іс-шара аясында «Е. Бекмаханов атындағы сыйлық» республикалық байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарға ақшалай жүлделер табысталды.

Соңғы жаңалықтар