Алматыда тауда жоғалған қызды іздеу жұмыстары көктемде жалғасады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда тауда жоғалып кеткен Әсел Панарғалиеваны іздеу уақытша тоқтатылды. Іздеу жұмыстары көктемде қайта жалғасатын болады. Бұл туралы республикалық жедел құтқару жасағының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары тауда жаттығып жатыр. Олар күнде сол маршрут бойынша жүреді. Бірақ іздеу жұмыстары ресми түрде жүргізіліп жатқан жоқ. Сонымен қатар, бізде жоғалған қыздың тауда екені туралы нақты ақпарат жоқ. Мүмкін ол қалада шығар. Десек те, құтқарушылар іздеу жұмыстарын көктемде қайта жалғастыратын болады»,- деп хабарлады республикалық жедел құтқару жасағының баспасөз қызметі.

Еске салайық, бойжеткеннің жоғалғаны туралы 10 қараша күні белгілі болды. Ол тау туризмімен айналысып жүрген. 9 қарашада сағат 13:00 шамасында ол Үлкен Алматы (Жосалы) көлінде түскен фотосын әлеуметтік желіге жариялаған. Одан кейін байланысқа шықпаған.

Космостанция ауданында 9 қараша күні қыздың таудан түсіп келе жатқанын адамдар көрген.

Одан кейін полиция қыздың телефоны арқылы қаланың әр бұрышынан телефон қоңыраулары жасалғанын анықтады.

Кейін іздестіру жұмыстары қыздың туыстарының өтініші бойынша тоқтатылды.

Алайда 12 қараша күні Ә.Панарғалиеваның жақындары іздестіру жұмыстарын жалғастыруды сұрады.

Қызды іздестіруге альпинистер де жұмылдырылды.

Іздестіру жұмыстары ешқандай нәтиже бермеген соң, Әсел Панарғалиеваның туыстары ол туралы кез келген ақпаратқа ақшалай сыйақы берілетіндігін жариялады.





Соңғы жаңалықтар