Алматыда троллейбус инфрақұрылымын модернизациялау келесі жылы аяқталады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда троллейбустар қолданыстан шығарылмайды. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Троллейбустардан бас тарту күн тәртібіне қойылған жоқ және қойылмайды да. Биыл пандемия салдарынан шығындар қысқартылды. Жыл соңына дейін 16 көшедегі байланыс желісі жаңаратын болады. Негізі 172 шақырым желіні ауыстыру керек. Троллейбус инфрақұрылымын толықтай модернизациялауды 2021 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді Алматы әкімі.

Бақытжан Сағынтаевтың сөзіне қарағанда, 2020 жылдың соңына дейін Жандосов, Сейфуллин, Қабанбай батыр, Әуезов, Розыбакиев, Жұбанов, Емцов, Қалдаяқов, Пушкин көшелері мен Рысқұлов және Райымбек даңғылдарының бойындағы ескірген байланыс желілері алынып тасталады және қайта монтаждалады.

Бұрын кабельді және байланыс желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары 2000 жылы ғана жүргізілген. Күн сайын сегіз бағыт бойынша жолаушы тасымалдауға 160 троллейбус шығатын болады. Ай сайын троллейбуспен шамамен 2,5-3 млн адам жүреді екен. Троллейбус желісінің жалпы ұзындығы 191 шақырым.


Соңғы жаңалықтар