Алматыда Тұңғыш Президент күніне арналған жиын өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Тұңғыш Президент күніне арналған алқалы жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік деңгейдегі саясаткер» тақырыбындағы жиынға белгілі саясаткерлер, ғалымдар, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің қызметкерлері қатысты.

Шара барысында, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының кеңесшісі, профессор Сайын Борбасов ұлттық идеологияны ұлықтаудағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының рөлі турасында әңгіме қозғады.

«Рухани жаңғыру – өте күрделі, көп жақты кең ауқымды құбылыс. Бұл үрдісті қалыптастыру экономикалық жаңару үрдісін қалыптастырудан да қиын. Себебі халықтың санасын, дүниетанымын және іс-әрекетті таңдауын тәрбиелеу оңай шаруа емес. Бұл жұмыс - белгілі бір тарихи мерзімді қамтитын ұзақ үдеріс. Рухани жаңғыруға әрбір азамат, әрбір отбасы өз үлестерін қосуға міндетті. Тәрбиенің, ұлттық құндылықтардың тамыры тал бесіктен басталатыны ақиқат. Яғни, рухани жаңғыру мемлекеттің міндеті деп қарап отыруға болмайды. Әрбір отбасында қазақ халқының ана тіліне, төл мәдениетіне, аңыз-ертегілеріне, ұлттық салт-дәстүрлеріне деген құрмет қалыптасса, ел халқының адамгершілік келбеті түзеледі», – деп атап өтті Сайын Борбасов өз сөзінде.

Сонымен қатар, жиынға қатысқан ғалымдар Елбасының ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі идеяларының өміршеңдігі мен әлемдік саясат сахнасындағы беделін тілге тиек етті.

«28 жылда елімізді күллі әлем танып, мойындады. Халықаралық саясаттағы Елбасының идеялары әлемге үлгі болды және Назарбаевтың ықпалымен Қазақстан ядролық қарудан бас тартты. Осы және өзге де істер жаһандық дамудың жаңа стратегиясына айналды»,– дейді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Жомарт Симтиков.

Сондай-ақ жиынға қатысушылар ұлттық мәдениет, ұлттық сана мен рух турасында пайымды ойларымен бөлісіп, студенттер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Соңғы жаңалықтар