Алматыда «Үздік аула - 2021» жеңімпазы анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда «Үздік аула - 2021» жеңімпазы анықталды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жүлдегер атанған аула тұрғындарына 5 млн теңгенің сертификатын табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, байқаудың негізгі мақсаты – ауланы көгалдандыруда жаңа шешім табу, қала тұрғындарының белсенділігі мен шығармашылығын ынталандыру.

Аула аумағын ең жақсы абаттандыруға арналған байқау тұрғындарды жасыл аумақтар құруға қатысуға ынталандырды. Сонымен қатар, мұндай байқау жас ұрпақтың экологиялық тәрбиесіне оң әсер етеді.

Байқауға қатысқысы келетіндер өте көп болды – қазылар алқасына 324 аула ұсынылды, олардың 85-і таңдап алынды. Көгалдандыру идеясы соншалықты әдемі және ерекше болып шықты, сондықтан жеңімпаздарды таңдау оңайға түспеген. Гран-при жеңімпазын анықтау үшін Қоғамдық кеңес мүшелері, ландшаф сәулетшілері, қоғамдық ұйымдардың басшыларынан қазылар алқасы құрылды. Ал 1-3 орын үшін жеңімпаздар электронды дауыс беру арқылы анықталды.


Еске салсақ, байқау тамыз айының соңында жарияланды, ал өтінім қабылдау 3 қыркүйекте басталды. Материалдық қорды, ауланы көгалдандыруға қажет заттарды, өсімдіктерді сатып алу үшін бөлінетін бас жүлде 5 миллион теңгені Түрксіб ауданындағы Монтажная көшесіндегі 15-тұрғын үйдің аула тұрғындары жеңіп алды.


«Біз ауланы жеңу үшін көгалдандырған жоқпыз, бұл бұрыннан келе жатқан дәстүр. Біздің тұрғындар өте тату, олар өздері тұратын қаласын жақсы көреді. Алматы куніндегі бұл жүлде біз үшін үлкен сыйлық. Мен Алматы тұрғындарына ауланы күтіп-баптауға, оларға қамқорлық жасауға, бастамашылықты танытуға шақырамын», - деді Яна Чистилина.


Қазылар алқасының мүшесі, ландшафт сәулетшісі Гүлзада Қалдыбаева қала тұрғындарының ауласын жақсартуға деген ұмтылысы жоғары екенін атап өтті.

«Тұрғындарымыз өзін үлгі ретінде көрсетіп өз еңбегімен жайлы жағдайда өмір сүре алатын көрсетті. Әріптестерімізбен бірге біз көшеттің санын ғана емес, сонымен қатар арамшөптерден тазалығын да бағаладық, суаруға, көгалдардың жағдайына, кіші архитектуралық пішіндердің болуына назар аудардық», - деді Гүлзада Қалдыбаева.


Алматыда 4 183 аула бар. Өткен жылдары 3 мыңға жуық аула жөнделді. Шамамен 550 аула жаңа көппәтерлі тұрғын үйдің аумағына немесе апатты үйлерге жатады, сондықтан оларды жөндеу мүмкін емес. Биыл «Бюджетке қатысу» жобасы аясында 536 ауланы жаңарту жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар