Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде жұмыс істеген жедел жәрдем қызметкерлеріне материалдық көмек көрсетіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жедел медициналық қызмет ұжымымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жедел жәрдем қызметі ұжымымен кездесу барысында Бақытжан Сағынтаев даму перспективаларын, қызметкерлер мен жалпы ұйымның өзекті мәселелерін талқылап, шешу жолдарын қарастырды. Сондай-ақ қаңтар айындағы оқиғалар кезінде зардап шеккендерге көмек көрсеткендері үшін алғысын білдірді.

Айта кетейік, жедел жәрдем қызметкерлері өздерінің кәсіби міндеттерін орындауда батылдық танытты. Террористік актілер барысында 5 қызметкер зардап шекті, олардың төртеуінің денсаулы,ына жеңіл зиян келсе, біреуінің денсаулығы орташа ауырлықта жапа шекті. Сол күндері барлығы 2160 жедел жәрдем қызметкері жұмыс істеді.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде 32 жедел жәрдем көлігі зақымданды. Бүгінде меценаттар 16 жедел жәрдем көлігін алып берді.

Алматы әкімі қайғылы оқиға күндері жұмыс істеген барлық қызметкерлерге материалдық көмек көрсетілетінін айтты.

Сондай-ақ, қала жедел жәрдем қызметін қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыз етеді.

Алматы әкімі Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жағдайды зерделеп, жаңа қосалқы станцияларды ашу бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Бұдан басқа Бақытжан Сағынтаев материалдық-техникалық қамтамасыз ету, жедел жәрдем қызметкерлерін қолдау мәселелерін шешуді тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Қазіргі уақытта жедел жәрдем қызметінде қаланың барлық аудандарында 11 қосалқы станция бар, бұл шақыру орнына бригадалардың тез келуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұйымға автожөндеу шеберханалары, ақпараттық-жедел диспетчерлік қызмет кіреді.

Шұғыл медициналық көмекті тұрақты негізде 200 бригада көрсетеді: реанимациялық, қарқынды терапия бригадалары, педиатриялық, дәрігерлік, фельдшерлік және практикалық жұмыс тәжірбиесі бар, заманауи медициналық технологиялар мен сынақтан өткен әдістерді пайдаланатын жоғары білікті мамандардың үлкен штаты.

Олар ауруханаға дейінгі кезеңде науқастар мен зардап шеккендерге уақтылы диагноз қою және көмек көрсету үшін барлық қажеттіліктермен жабдықталған. Сонымен қатар, 25 бригада резервте тұр.

Қала әкімдігінің қолдауымен соңғы екі жылда қызметтің негізгі мәселелері шешілді. Ынталандыру компоненттерін төлеуге жергілікті бюджеттен 256 млн теңге бөлінді.


Соңғы жаңалықтар