Алматыда жазғы дәмханаларға қатысты жаңа талаптар пайда болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жазғы дәмханаларға қатысты жаңа талаптар пайда болды. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзіне қарағанда, «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңына сәйкес қаланың аумағында сауданы ұйымдастыру ережелері әзірленуде. Онда стационарлық емес сауда объектілерін орнату үшін орындарды анықтаудың негізгі талаптары мен өлшемдерін, бірыңғай дизайн код, сондай-ақ кәсіпкерлерге орындарды бөлу тетігін бекіту жоспарланып отыр.

Ережелер аясында стационарлық емес сауда объектілерін, оның ішінде жылжымалы фуд-трактарды орнату орындарын кәсіпкерлердің өтініштері бойынша санитарлық нормаларды сақтай отырып анықтау ұсынылады.

«Кәсіпкерлердің өтініші бойынша стационарлық емес сауда объектілерін орнатуға арналған «Атамекен» ҰКП ұсынған 250 жер учаскелерінен бірінші кезеңде 85 учаскелер іріктелді. Оларды аукцион арқылы немесе отандық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ететін тауар өндірушілермен тікелей шартқа отыру арқылы қолдануға беру ұсынылады», - деп атап өтті Еркебұлан Оразалин.

Стационарлық емес нысандарына жәрмеңке қызметі де жатады. Аталған жәрмеңкелердің негізгі мақсаты - ауыл шаруашылығы және отандық тауар өндірушілердің өнімдерін халыққа тікелей жеткізу.

Демалыс күндері қаланың 5 ауданында ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесі өтеді. Ағымдағы жылдың ақпан айында тағы 5 жәрмеңке ашу жоспарда.

«Жеке жер телімдеріндегі стационарлық емес сауда объектілері бойынша Көше саудасы ережелеріне сәйкес бірыңғай талаптарды сақтауды қамтамасыз ету қажет», - деді Еркебұлан Оразалин.

Сонымен қатар, маусымдық (жазғы) алаңдардың қызметіне де ерекше назар аударылды. Әзірленетін ережелерде оларды орналастыру, абаттандыру және пайдалану жөнінде негізгі талаптар жазылады.

«Маусымдық алаңдарды қалалық жерүсті жолаушылар көлігінің аялдама пункттерінде; жер асты және жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдерінің аймағында; метрополитеннің техникалық ғимараттарының 25 метрлік аймағында, ғимараттардың аркаларында, гүлзарларда, алаңдарда (балалар, спорт, қалалық көлік тұрақтарында); тұрғын үйлердің шатырларында және олардың жапсарлас салынған үй-жайларында орналастыруға жол берілмейді», - деп түсіндірді басқарма басшысы.

Бүгінгі күні қалада 270 жазғы алаң бар, оның 10% жеке аумақтарда, 90% мемлекеттік қор аумағында орналасқан.

«Жаңа ережелерге сәйкес, мемлекет меншігіндегі жерлердің аумағында орналасатын маусымдық алаңдарды тек жеңіл құрылымдар мен уақытша құрылыстардан ғана орнату ұсынылады»,- деп қортындылады Еркебұлан Оразалин.

Еске салайық, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға енгізілген түзетулерге қол қойды. Ағымдағы жылдың 10 қаңтарынан бастап Заң күшіне енді. Барлығы-28 өзгеріс, олар сәулет, қала құрылысы, жер қатынастары, көлік, әлеуметтік сала, соның ішінде кәсіпкерлікте бар.



Соңғы жаңалықтар