Алматыда жол апатынан үш адам жарақат алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жол апаты болып, 3 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, көлік апаты 13 мамыр күні Жангелдин-Баянауыл көшелерінің қиылысында болған.

Lada көлігінің жүргізуші Жангелдин көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып Баянауыл көшесімен қиылысқан тұста қоғамдық көлік жолағымен жүріп, бағдаршамның тыйым салатын қызыл түсіне өтіп кетті.

Жол ережесін бұзу салдарынан ол Mitsubishi Pajero машинасымен соқтығысты.

«Соққыдан Lada көлігі инерциямен жаяу жүргіншілер жолына шығып, 63 жастағы әйелді қағып кетті. Апат салдарынан жарақат алған жаяу жүргінші №7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Содай-ақ «Lada» көлігінде отырған екі жолаушы зардап шекті. Оның біреуі - 14 жастағы қыз бала. Екеуі де емдеу мекемесіне жеткізілді», - деді Алматы қаласы ПД тергеу басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.

Жол апатын Жетісу аудандық полиция басқармасы тексеріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар