Алматыда жүкті әйелдерді ауруханаға қабылдау алгоритмі түсіндірілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда пандемия кезінде болашақ аналарды ауруханаға жатқызу алгоритмі түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, эпидемиологиялық жағдайды қадағалау мақсатында жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге ПТР әдісімен тестілеу жүргізілетін болады.

Жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге шұғыл көмек керек болған жағдайда, ПТР тесттің бар-жоғына қарамастан ауруханаға жатқызылады.

«Осы мақсатта қаланың перзентханаларында науқастар оқшауланған жағдайда болатын уақытша бөлімшелер ашылған. Медициналық көмек эпидемияға қарсы режимді сақтай отырып, толық көлемде көрсетіледі. COVID-19 инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында перзентхана қызметкерлерінің инфекциялық қауіпсіздігін сақтау қамтамасыз етілген»,– делінген хабарламада.

Шұғыл ауруханаға түскен жағдайда ПТР әдісімен тестілеу жүргізіледі, егер нәтижесі теріс болса, пациент жалпы бөлімге ауыстырылады. COVID-19 инфекциясына оң нәтиже көрсеткен жағдайда, науқас жұқпалы аурулар ауруханасына немесе мамандандырылған перзентханаға ауыстырылады.

Егер жаңа босанған әйелде ПТР әдісімен тестілеу нәтижесі оң болса, жаңа туған нәресте де тексеруден өтеді. Осы аралықта ПТР әдісімен тестілеу нәтижесі шыққанға дейін басқа балаларға жұқпас үшін, нәресте уақытша оқшауланады. Егер нәрестеде нәтиже оң болса, ол анасымен бірге емделеді. Теріс болса, бала туыстарына беріледі.

Сондай-ақ, Қоғамдық денсаулық басқармасы тұрғындарды COVID-19 инфекциясын жұқтырудың алдын алу бойынша мамандардың кеңесіне құлақ түруге шақырады.


Соңғы жаңалықтар