Алматыда жыл басынан бері 150-ге жуық өрт тіркелген

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жылу беру кезеңінде жеке сектордағы өрт қауіпсіздігін бақылау күшейтілді. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Самат Асаинов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 2021 жылдың 2 айында Алматыда 147 өрт тіркелген.

«Алматы қаласының аумағында 147 өрт тіркелді, 14 адам өрттен зардап шекті, 5 адам құтқарылды, 200 млн теңгеден астам соманың мүлігі сақталды. Өрттен көз жұму дерегі тіркелген жоқ. 96 өрт жеке тұрғын үйде болған, бұл жалпы өрттің 65%-ын құрайды. Өрттің шығуына негізінен немқұрайлы қарау, абайсыздық, өрттен сақтау ережесін ұстанбау болып отыр»,-дейді ол.

Жеке тұрғын үй секторындағы өрттің негізгі себептері:

- отты ұқыпсыз пайдалану 21 жағдай;

- пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу – 29 жағдай;

- электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану ережелерін бұзу 41 жағдай;

- тұрмыстық электр құрылғыларын пайдалану кезінде ӨҚЕ бұзушылықтары 31 жағдай;

- өртеу 13 жағдай;

- отпен жұмыс кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу 3 жағдай, 2-уі балалардың тентектігінен және өрттің басқа себептері 9 жағдай.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрттің 65% -ы тұрғын үй қорында болатынқтан 2020 жылдың тамызынан бастап тұрғындармен түсіндіру жұмыстары қолға алынды.

«Барлығы 145 471 жеке тұрғын үй есепке алынды, оның 1347-сі қатты отын жағады, олар 100% зерттелді, оның ішінде 274 әлеуметтік осал отбасының үйі қайта тексерілді (яғни 2 рет), өрттің қауіпсіздік шаралары туралы 300 мыңнан астам жадынама таратылды»,-дейді Самат Асаинов.

Сонымен қатар, ол әкімдіктің қолдауымен 1 254 жеке тұрғын үй көміртегі тотығы датчиктерімен жабдықталғанын атап өтті.

«Егер біздің азаматтарымыз қауіпсіздік ережелерін сақтаса, онда өрттің залалын азайту, сондай - ақ адамдардың қаза болуы нөлге дейін азаяды», - деп атап өтті Самат Асайынов.


Соңғы жаңалықтар