Алматыдағы метро «Алтын Орда» базарына дейін созылатын болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы метросы «Алтын Орда» базарына дейін созылмақ. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Серік Құсайынов брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Алматыда салынып жатқан метроның бағыты түзетіледі.

«Енді метрополитен желісі Қалқаман елді мекені арқылы өтпейді. Батыс арқылы, жаңа Наурызбай ауданы арқылы өтеді. Алатау көшесімен төмен түседі. Қосымша екі станция салынады, соңғысы «Алтын Орда» базарына дейін жетеді. Осылайша Наурызбай ауданының батыс бөлігін қала орталығымен байланыстырамыз», – деді Серік Құсайынов.

Алматы әкімінің орынбасары Серік Құсайыновтың пікірінше, бұл 150 мың тұрғынға ыңғайлы болмақ.

Айта кетейік, Алматыда салынып жатқан «Достық» метро стансасының атауын өзгертіп, оған Бауыржан Момышұлының атын беру ұсынылған болатын.

Достық бекеті Абай даңғылы мен Момышұлы көшесінің қиылысында салынып жатыр.

Оның техникалық іске қосылуы осы жылдың соңына жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар