Алматыдағы рейд: 90 нысан карантин талабын бұзған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен бірқатар сауда нысандарына рейд жүргізілді. Онда карантин талаптарының сақталуы тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тексеру кезінде карантин ережелерін сақтамаған нысандар анықталды. Мәселен, «Көк базарға» кіреберісте тепловизордың жоқтығы, сатып алушылар арасында әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы, сауда залдарында санитайзерлердің болмауы анықталды. Келушілерді бір жолмен кіргізу ұсынылды.

«Көк базарды» басқаратын «Компания Достар Коммерц» ЖШС-ға қатысты анықталған кемшіліктер бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабы 3-бөлігімен хаттама толтырылды. Әкімшілік айыппұл салу үшін материалды сотқа беру тапсырылды.

«Бұдан бөлек, аумағы 500 шаршы метрден асатын нысандардың жұмысына шектеу қойылғанына қарамастан, мониторингілік тексеру кезінде «Сити Центр» сауда орталығының үшінші қабатында орналасқан, аумағы 700 шаршы метрден асатын жалға алынған дүкеннің жұмыс істеп жатқаны анықталды. Сол себепті Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау аудандық басқармасының басшысына тиісті шараларды қолға алу тапсырылды», — деді Ж.Бекшин.

«Керуен» және «Ақбұлақ» базарларының жұмысын бағалауда санитарлық ережелердің талаптарға сай еместігі және тиісті қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндігінің жоқтығы анықталды. Тағы бес базардың басшыларына ескерту жасалып, 1 маусымға дейін базарды тәртіпке келтіру ұсынылды.

«Жұлдыз», «Жаңа бұлақ» ЖШС, «Тастақ» ЖШС «Тастақ» базары мен «Көк базардың» ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, жұмыс істемей жатқаны белгілі болды. Олар азық-түлік базарларының жұмыс алгоритмі талаптарын орындамаған.

Сонымен қатар, «Скиф Трейд» ЖШС «Small» супермаркеті, «Белый ветер-KZ» ЖШС сауда нысандарында маска тағу мен дезинфекция режимі сақталмаған, келушілер арасында кемінде екі метр әлеуметтік қашықтықты сақтау талаптарының да орындалмағаны анықталды.

Бүгінгі таңда мониторингілік топтар 3 мыңға жуық нысанды тексеріп, оның ішінде 93-і карантин талаптарын бұзғанын анықтады.

Ал жұмыстарын заңсыз жүргізіп отырған нысандарға олардың қызметін тоқтату шарасы қолданылды.

Айта кетейік, 25 мамырдан бастап ауданы 500 шаршы метрден асатын сауда орындарына жұмыс істеуге рұқсат етілді. Олардың қатарында тамақтану орындары мен қонақүйлер бар.


Соңғы жаңалықтар