Алматыдағы стационарларда жансақтау төсектері тапшы - ДСМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Гиният КВИ-дің таралуы жағынан жағдай күрделеніп кеткен үш өңірді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша күрделі. Көптеген елде инфекцияның таралуының екінші толқыны жүріп жатыр. Елімізде күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтардың саны өсіп барады. Тіркелген жағдайлардың орташа өсімі бір айдың ішінде шамамен 4,5 пайызды құрады. Облыстардағы өсім 2 пайыздан 8 пайызға дейін артуда. Бүгінгі күні елімізде 44100-ге жуық жағдай тіркеліп отыр. Күніне орташа есеппен мың жарым адам ауырады», - деді Ажар Гиният ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, осы күнге дейін ауруханаларда 200 науқас көз жұмған.

«Соңғы айда COVID инфекциясымен ауырған науқастардың ең жоғары өсімі – халық көп орналасқан және ірі өнеркәсіптік қалалар, атап айтқанда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларының халқы арасында тіркелген. Мысалы жеке адамдар арасында инфекцияның ең жоғары өсімі Атырау облысында, Алматы қаласында, БҚО-да, Маңғыстау, ШҚО мен Алматы облыстарында байқалады. Аурудың таралуының әр облыста өз ерекшелігі бар. Пациенттердің медициналық көмек алуы кезінде оларды қиындықтардың туындау себептері де әртүрлі», - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, мәселен елордада сырқаттануына байланысты медициналық ұйымдарға көп жүгінеді. Ал Алматыда КВИ жұқтырғандардың негізгі үлесі – скрининг кезінде және байланыста болған адамдар арасында анықталуда.

«Алайда қалада КВИ бойынша күдікті пациенттерді емдеуге жатқызатын провизорлық ауруханалардың орыны толық. Бүгінгі таңда стационарларда жансақтау төсектері тапшы болып отыр. Бұл жерде пневмонияның ауыр түрімен ауыратын пациенттер ем алуда. Ковид бойынша жағдайы күрделі үшінші өңір – Атырау облысы. Кен орындарында өршулер көп. Ондағы инфекциялық төсек орындар да тез толықтырылды. Бұл жерге жұмыскерлер әртүрлі ауданнан, басқа өңірлерден келеді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар