Алматыдағы Сыртқы істер министрлігі өкілдігінің маңыздылығын арттыру көзделген - Мұхтар Тілеуберді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Алматы қаласындағы Сыртқы істер министрлігі өкілдігінің заңды мәртебесін анықтау жайында түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.

«Алматы қаласындағы Сыртқы істер министрлігі Өкілдігін заңды тұрғыдан бекіту арқылы оның заңды мәртебесін анықтау және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың дипломатиялық өкілдіктері алдында өкілдіктің маңыздылығын арттыру көзделген.

Алматыда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 100-ге тарта өкілдігі жұмыс істейтінін және олармен өзара қатынасқа түсу Алматы қаласындағы Өкілдігімізге жүктелгендігін атап өту қажет», - деді М. Тілеуберді.

Оның айтуынша, заң жобасында бұрынғы құқықтық олқылықтарды жою арқылы жалпы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қарастырылған.

ҚР Парламенті Мәжілісінде құрылған жұмыс тобындағы талқылау барысында заң жобасының редакциялық бөлігі пысықталды және басқа заңнама актілермен сәйкестендірілді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған құжат аясында дипломатиялық поштаны жинақтау мен жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі функциялар бекітіледі.


Соңғы жаңалықтар