Алматының білім беру ұйымдары «бұлтты бухгалтерияға» толық қашан көшеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының білім беру ұйымы 2021 жылдың 1 қыркүйегінде «бұлтты бухгалтерияға» толық көшеді. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айдын Сайлаубайдың пікірінше, бухгалтерияның автоматтандырылуы мектептерде бюджеттік қаржының ашық жүргізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жекелей алғанда, жүйенің автоматтандырылуы сыбайлас жемқорлық қаупін азайтады, әрбір білім беру мекемесінде қаржыландырудың толық көлемі ашық болады, шығынның қандай мақсатта жұмсалатыны белгілі болады. Сонымен бірге, мектептер мен балабақша басшылығынан шаруашылық тұрғыда артылған жүктемені ішінара азайтуға мүмкіндік береді.

«Мысалы, бүгінгі таңда мектеп директорлары балаларға білім беруден бөлек, қаржылық менеджментпен айналысады. Бухгалтерияның орталықтандырылған бұлтты шешімге ауыстырылуы Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 2 наурыздағы бұйрығымен анықталған. Қазіргі уақытта Алматы қаласы білім басқармасы 451 білім беру ұйымында қаржы-шаруашылық қызметін ашық жүргізу үшін бұлтты бухгалтерияны енгізуді жоспарлап отыр», - дейді ведомство өкілі.

Оның ішінде 189 балабақша, 207 мектеп, 14 интернат, 22 колледж, 17 мектептен тыс ұйым және басқа да мекемелер бар.

«Бұлтты бухгалтерия – бұл қашықтағы серверде орналасқан және интернет желісі арқылы жұмыс істеуге арналған бухгалтерлік бағдарламалар жиынтығы. Деректер бір үлкен виртуалды сервер болып табылатын бұлт деп аталатын жерде сақталады және өңделеді. Бұлтты бухгалтерия қызметкерлер үшін автоматтандырылған жұмыс орны болып табылатындықтан, пайдаланушыға толыққанды жұмыс істеу үшін тек компьютер және интернет желісіне тұрақты қолжетімділік қажет», - деді спикер.

Сонымен қатар,ол бұлтты бухгалтерияны қолдану кезінде мектептер мен балабақшаларға бухгалтерлік бағдарламаның өзін алудың қажеті жоқ екендігін айтты.

«Бұлтты бухгалтерияның» үлкен артықшылығы-кадрларды enbek.kz-пен бірге электронды есепке алуды енгізу. Екі бағдарламаның арқасында педагог кадрлардың өтілін анықтауға, жалақыны және басқа да төлемдерді есептеуге болады»,-дейді ол.

Айдын Сайлаубай мектеп бухгалтерлеріне жұмыстан қысқарту болады деп алаңдаудың қажеті жоқтығын айтып, сендірді.

«Бұл шешімді қолдану кезінде адамдарды автоматты талдау жүйелеріне ауыстыру туралы сөз болып отырған жоқ. Бұлтты бухгалтерияны енгізу есебінен жұмыс орындарын қысқарту көзделмейді, негізгі мақсат есеп пен есеп жүргізудің ашықтығын арттыру болып табылады», - деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары.

Бұлтты бухгалтерияға» көшіру кезеңімен жүргізіледі. Біріншісінде 240 білім беру ұйымында қолданыстағы бухгалтерлік есеп бұлтты бухгалтерияға ауыстырылады. Екінші кезеңде бұл 211 мекемеде жүргізіледі.

«Бұлтты бухгалтерияға 2021 жылдың 1 қыркүйегінде толығымен көшу күтілуде. Алматыда жаңа жүйеге көшу 1 сәуірде басталды. Мегаполисте 451 мемлекеттік білім беру ұйымында қаржы-шаруашылық қызметін жаңа форматта жүргізу жоспарлануда»,- деп қортындылады Айдын Сайлаубай.


Соңғы жаңалықтар