Алматының екі миллионыншы тұрғыны Аяла Жамбылдың отбасы баспаналы болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мегаполистің екі миллионыншы тұрғыны Аяла Жамбылдың отбасы қоныс тойын тойлайды. Қала күні оларға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңа пәтердің кілтін тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аяла Жамбыл 2021 жылы 21 маусымда дүниеге келді және Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша ол Алматының екі миллионыншы тұрғыны болды.

Мереке күні қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Аяланың ата-анасына Наурызбай ауданындағы «Алма Сити-5» тұрғын үй кешеніндегі үш бөлмелі жаңа пәтердің кілтін тапсырды.

Қала әкімі отбасына зор денсаулық, бақыт пен береке тіледі.

Қала күні алты бала өсіп келе жатқан Жамбыл отбасы үшін қуанышты күнге айналды. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауының арқасында көпбалалы отбасының жеке баспана туралы арманы орындалды.

Екі миллионыншы алматылық Аяла Жамбыл полиция қызметкері Бейбіт Әбілдаев пен балабақша тәрбиешісі Әлия Жаныбекованың отбасында дүниеге келді. Ол отбасындағы алтыншы қыз.

Бұған дейін көпбалалы отбасы «Қарғалы» шағынауданында ата-анасының үйінде тұрған.

«Ана ретінде балаларымның туған күндері ең бақытты сәт болса, ал бүгін пәтер кілтін алу ешқашан ұмытылмайтын ең бақытты күн. Біз қаладан мұндай сыйлық аламыз деп күтпеген едік», - деді Әлия Жаныбекова.

Айта кетейік, Алматыда жыл басынан бері көмекке мұқтаж 2 340 отбасы жеңілдетілген несие аясында тұрғын үймен қамтамасыз етілді.


Соңғы жаңалықтар