Алматының «Мұзтау» шағынауданында жол салу жұмысы мамырда аяқталады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Мұзтау» шағынауданының тұрғындары жолдың жоқтығына шағымданды. Толассыз жауған жаңбырдан машиналар батпаққа батып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұрғындар ҚазАқпарат редакциясына батпаққа батып қалған көліктердің суреті мен видеосын жіберді.

«Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының баспасөз қызметі мәлім еткендей, қазір Медеу ауданына қарасты «Мұзтау» ықшамауданындағы (бұрынғы Бутаковка) Замартас көшесінің жол жабыны жедел қалпына келтіріліп жатыр.

«Жаңбыр суы шайып кеткен жолдар бүгін таңертең тегістеліп, инертті материалдармен нығайтылды. Қаланың осы бөлігінде сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің құрылысы, оның ішінде Ә. Бейсеуов көшесіне асфальт төсеу жұмыстары былтыр толығымен аяқталды. Айдарлы және Замартас көшелерін абаттандыру жұмыстары карантиндік шектеулер мен қыстың басталуына байланысты биылға ауыстырылды. Бұл көшелерге асфальтбетон төсеу күн жылынғанда қолға алынады. Оны осы жылдың мамыр айында аяқтау жоспарланып отыр», - деп хабарлады «Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны.

Айта кетейік, кәсіпорын тапсырысы бойынша «Мұзтау» ықшамауданының тұрғындарын орталықтандырылған сумен жабдықтау және су бұру жүйесімен қамтамасыз ету жобасы 2020 жылы жүзеге асырылды.

Бұған дейін қаланың бұл секторында инженерлік желілер болмаған.


Соңғы жаңалықтар