Алматының Түрксіб ауданында 4 мың жаңа жұмыс орны ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров 2019 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру аясында құрылған жаңа жұмыс орындары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түрксіб ауданы әкімінің мәліметінше, аудан аумағында 500-ден астам өндіріс орыны жұмыс істейді, онда 10 мыңға жуық адам еңбек етеді. Ауданда шығарылатын өнім көлемі 25%-ға өскен. Егер 2018 жылы шығарылған өнім көлемі 156,5 млрд теңгені құраса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 194,4 млрд теңгеге жетті.

«Инвестиция 32%-ға артты. Оның 80%-дан астамы жеке инвестиция, бұл аудан экономикасының тұрақтылығын көрсетеді. Аталған инвестициялар есебінен компаниялар жаңа цех, жаңа өндіріс желісін, жұмыс орнын ашты. Өткен жылы 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды», – деді аудан басшысы.

Б. Ақжаровтың айтуынша, жеке инвестициялардың басым бөлігі ірі кәсіпорындарға тиесілі. 2019 жылы шағын және орта бизнес саны 5%-ға, 6 997 компанияға дейін өсті. Осы секторда бүгінгі күні 46 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

«Шағын және орта бизнесті қолдау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында «Qolday» кәсіпкерлік орталығы ашылды, онда өткен жылдың соңынан бастап мыңнан астам адам бизнесті ашу, жүргізу және шарттар мен шаралар, шағын кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша кеңес алды», – деп атап өтті Б. Ақжаров.

Фото: inbusiness.kz
Соңғы жаңалықтар