Алматының Түрксіб ауданында қосымша 300-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының Түрксіб ауданында жолдар мен адам көп жиналатын орындарда бейнебақылау камераларының саны артады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан тұрғындарымен кездесу барысында қала әкімі Ерболат Досаев биыл жолдарда «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің саны екі есеге, яғни, 82-ден 160-қа дейін артатынын атап өтті.

«Қосымша 322 бейнебақылау камерасы орнатылады. Оның 111-і жол қиылыстарында, 76-сы аулаларда, 18-і саябақтар мен гүлзарларда, 90-ы білім беру және денсаулық сақтау нысандарында, 15-і діни нысандарда, 10-ы базарларда орнатылады», - деді қала әкімі.

Бұдан бөлек, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту шеңберінде жоғары жылдамдықты интернетке қосылу жұмыстары жалғасуда.

«Биыл талшықты-оптикалық байланыс желісіне 342 үй қосылды, оның ішінде «Қайрат» шағын ауданында - 317, «Әлмерек» шағын ауданында - 25. Жыл соңына дейін Баум тоғайы мен 25 мыңға жуық тұрғыны бар «Төменгі Пятилетка» шағын аудандарын қосу жоспарда бар», – деді Ерболат Досаев.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда «Сергек» бейнекамераларының саны артатынын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар