Алтай ауданының тұсында Бұқтырма өзенінде сең жүруде

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының өзендерінде мұз еріп, су деңгейі көтеріліп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, күннің күрт жылынуына байланысты өңірдегі өзендерде мұз еріп, су деңгейі көтерілген. Қазірде Бұқтырма өзенінен сең көшіп, Алтай ауданының тұсында жүруде. Бірақ мұз жұқа болғандықтан елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Мамандар бекітілген учаскелерде кезекшілік ұйымдастырып, сеңді бақылауда ұстап отыр. Егер мұз кептеліп жатса жару жұмыстары қолға алынады.

«Катонқарағай ауданы Ақсу ауылындағы өзенде мұз кептелді. Бірақ өздігінен сөгіліп, өзен арнасы су басу қаупінсіз тазартылды. Қазіргі уақытта Коробиха және Сенное ауылдарындағы Бұқтырма өзенінде мұз жарылуда», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

ТЖД дерегінше, биыл облыс бойынша жауған қар мөлшері жылдық нормадан айтарлықтай көп болған. Су тасқынын болдырмау үшін жергілікті атқарушы органдар мен құтқарушылар тұрақты мониторинг жүргізуде.



Соңғы жаңалықтар