Алтай Көлгінов елордада спортты дамыту үшін қандай шаралар қолға алынғанын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында қалада спортшылар үшін қандай жағдай жасалып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Ірі спорт нысандарын балаларымыз үшін ашық әрі қолжетімді етеміз. Спорттық ғимараттар чемпионаттарды/ойындарды, спортшылардың жаттығуын өткізуге арналған алаңдар ғана емес, сонымен қатар оқушыларымыз үшін сабақ өткізетін орын болуы тиіс. Бұл олардың жаттығуларының сапасына оң әсер етеді, сонымен қатар жас тұрғындарымызды ынталандырады.

Жан-жақты жағдай жасау үшін спорт нысандарын жөндейміз. Мысалы, биыл «Астана-Арена» стадионында жұмыстар жүргізілді. Дренаж жүйесі, суару жүйесі жаңартылды (бұрын қолмен суарылды), енді көгалдар FIFA стандарттарына сәйкес келеді, киім ауыстыратын бөлмелер ағымдағы жөндеуден өтті. Сонымен қатар, ғимараттардағы бос үй-жайларды ұтымды пайдалану қажет. «Астана Арена» стадионы базасында жауынгерлік өнер залы ашылды.

Бүгін «Астана» футбол клубының бас жаттықтырушысы Андрей Тихоновпен және «Астана» ФК гендирі Давид Лориямен ынтымақтастықтың алдағы жоспарлары, балаларымыздың стадион базасында жаттығуларын өткізу, оның ішінде спортшылар ішкі чемпионатта өнер көрсететін футбол клубы нысанының жаңа түрі талқыланды.

Сондай-ақ біз үрлемелі футбол кортын жөндедік (Жирентаев көшесі, 15 Б, Алматы ауданы). Велоспорт бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне және атыс бойынша құрама командаға қосымша спорттық құрал-жабдықтар берілді. Біздің міндетіміз - балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін, федерацияларды қолдау және тұрғындарды салауатты өмір салтына, спортқа баулу.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қала тұрғындарын бұқаралық спортқа баулу үшін саябақтар, скверлер, аулалар, жаңа спорт кешендерін саламыз. Биыл 150 аула мен 40 қоғамдық кеңістік салынады. Олардың барлығы көп функциялы болады», - деп жазды елорда әкімі.


Соңғы жаңалықтар