Алтай Көлгінов елордадағы коронавирусқа қатысты ахуалды айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордадағы коронавирусқа қатысты ахуал туралы есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«16 қаңтардан бастап қала «қызыл» аймаққа кірді. Репродуктивтілік индексі қазір 1.279-ды құрап отыр. Осыған орай келесі шаралар қабылданды. Бріншіден, инфекциялық стационарларда 720 орын әзірленді. Ондағы жүктеме 47 пайызды немесе 335 төсек-орынды құрайды. 121 реанимациялық төсек-орын дайындалған. Онда 27 науқас ем алуда. 500 карантиндік орын ашылды. Онда ПТР анықтамасы жоқ халықаралық әуе рейстерінің жолаушылары орналастырылады. 6 қазаннан бастап 8 800-ден астам жолаушы карантиндік стационарға орналастырылды. Барлығы 62 оң нәтиже анықталды»,- деді ол.

Екіншіден, қала басшысының айтуынша, зертханалар саны 23-ке дейін көтейтілді. Олардың жалпы қуаттылығы тәулігіне 12 мыңнан астам зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, көпбейінді ауруханалардың қабылдау бөлімдеріне, стационарлардың акушерлік блоктарында нәтижесі 1,5-2 сағаттың ішінде дайын болатын изотермиялық шағын зерханалар ашылды. Тестілеу саны едәуір көбейтілді. 99 мыңға дейін артты. Қыркүйекте 56 мың болған. Тиісінше індеттің анықталуы шамамен 9 есеге көбейді. Ақпараттарды кешенді жеткізудің нәтижесінде тұрғындар өз еріктерімен жиі тестілеуге жүгінетін болды.

«Үшіншіден, амбулаториялық-зертханалық қызмет жұмысы күшейтілді. Үйге барып, шақыртуларға қызмет көрсету үшін 5 мың халыққа 1 бригада есебімен мобильді бригадалардың жұмысы ұйымдастырылды. Қала бойынша 207 мобильдік бригада жұмыс істеуде. Пациенттердің ағымын тиімді бөлу үшін ахуалдық орталық жұмыс істеп жатыр», - деді елорда әкімі.

Төртінші, Алтай Көлгінов құқық қорғау органдарымен шектеу шараларын сақтау бойынша мониторинг жалғасып жатқанын айтты. 9 мобильді топ жұмыс істеуде. Осы уақытқа дейін 9 мыңнан астам нысан мониторингпен қамтылды. Карантин режимін жүйелі түрде бұзушылармен жұмыс күшейтілді. Әкімшілік жауапкерілікке 1,5 мыңға жуық жеке және заңды тұлғалар тартылып, жалпы сомасы 300 млн теңге айыппұл салынды.

«Бесінші, стационарлар медициналық құралдармен және қажетті дәрі-дәрмекпен толықтай қамтылған. Қаладағы эпидемиологиялқ жағдайды ескере отырып, бірқатар шектеу мен карантиндік шаралар қабылданды. Олар дүйсенбіден бастап күшіне енді», - деді Нұр-Сұлтан қаласының басшысы.


Соңғы жаңалықтар