Алтайда көші-қон мәдениеті мерекесі өтті - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Түркі әлемі туризмінің картасы жасалады - «ӨзА» ақпарат агенттігі

24 маусымда ежелгі қолөнершілер қаласы Қоқанда (Өзбекстан) Түркі кеңесінің туризм министрлерінің қатысуымен VI-шы отырыс өтіп, онда түркі әлемі туризмінің картасын жасау туралы келісім жасалды, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» агенттігі.

Бұл картада түркі мемлекеттеріндегі негізгі тарихи, мәдени және туристік бағыттар қамтылмақ. Сонымен қатар, Түркі әлемінің туристік картасы Түрік кеңесіне мүше елдердің негізгі туристік бағыттарын анықтайтын эталондық жоба болады деп күтілуде.

Осы кездесуде Түркі кеңесінің туризм министрлері екі мың жылдық тарихы бар Қоқан қаласын Түркі кеңесінің алғашқы туризм астанасы деп жариялаған.

Алтайда көші-қон мәдениеті мерекесі өтті - «Ағажай-Алтай»

2021 жылғы «Алтай қойы және көші-қон мәдениеті мерекесі» мәдени-спорттық іс-шарасы Алтайдың Бурылтоғай ауданы, Сарбұлақ қалашығында салтанатпен ашылды, деп хабарлайды Қытайдың «Ағажай-Алтай» ақпарат порталы.

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, мереке барысында ақындар айтысы, қазақша күрес, қол күресі, бұқаша тартыс және қой қырқу, киіз басу, сырмақ тігу мен ұршық иіру сынды қазақтың сан түрлі дәстүрін қамтыған іс-шаралар өтті. Осы арқылы көпшілікті көшпелі қазақтың мәдениетімен таныстырды.

Айта кетерлігі, Қытайдың Бурылтоғай ауданында қазақтың дәстүрлі көші-қон мәдениеті бүгінге дейін сақталып келеді. Қазақ бақташыларының көктем, жаз, күз маусымдарында мыңғырған малын айдап, түйемен көшуі көптеген туристі қызықтырады.

Осы жолғы шарада Бурылтоғай ауданы өңірлік туризмді дамыту үшін «Көші-қон мәдениетінің фото-сурет көрмесі» атты іс-шараны да өткізген.

Бұл жолғы көші-қон мәдениетмерекесі өткен өңірде Алтай аймағындағы ең ұзақ, ең көлемді көш жолы бар екен.

«Маусымдық көші-қонда малшылар малын айдап, киіз үй мен тұрмыстық бұйымдарын түйеге артып, Сарбұлақтан жайлауға көшкенде ерекше көрініс қалыптасады. Бурылтоғай ауданының Жыра шатқалы – Сарбұлақ – Қызылтау көш жолы Алтай аймағындағы, тіпті Қытайдағы ең ұзақ, көлемі ең үлкен көші-қон мәдениеті толық сақталған көш жолы. Оңтүстіктен солтүстікке дейін 480 шақырымға жетіп «Мың шақырымдық көші-қон» жолы деп аталып кеткен», - деп жазады altxw.com.

Баян-Өлгей аймағы әкімдігінде жаңа кадрлық тағайындаулар болды - Kaznews

Аймақ әкімінің өкімімен Баян-Өлгей аймағы әкімінің Іс басқармасының басшысы болып Мұхамед Болайұлы тағайындалды. Сондай-ақ, аймақ әкімінің Іс басқармасының басшысының қаулысымен Қаржы және мемлекеттік қазына депарментінің басшылығына Фестиваль Текенайұлы тағайындалды, деп хабарлайды моңғолиялық Kaznews басылымы.

Айта кетейік, Мұхамед Болайұлы бұған дейін аймақтық Мамандық бақылау басқармасының басшысы қызметін, Фестиваль Текенайұлы аймақтық Салық департментінің басшысы лауазымын атқарып келген.

Нұр-Сұлтанда Сирия келіссөздерінің жаңа кезеңі өтеді - Parstoday

Иранның Parstoday ақпарат агентігінде осындай тақырыпта ақпарат жарық көрді.

Сирия туралы «Астана процесі» келіссөздерінің 16-шы кезеңі 7-8 шілде аралығында Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өтеді, деп жазды ирандық БАҚ.

Parstoday-дің келтірген дерегіне сүйенсек, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі келіссөздерге Сирияда бейбітшілікке кепілдік беретін ИИР, Ресей мен Түркия делегациялары, сондай-ақ Сирия үкіметі мен бұл елдің қарулы оппозициясының қатысатынын мәлімдеген.

«Бұл келіссөздерге БҰҰ, Иордания, Ливан және Ирактың өкілдері бақылаушы ретінде қатысады. Сириядағы экономикалық, әлеуметтік, денсаулық сақтау және эпидемиологиялық ахуал, бұл елге халықаралық гуманитарлық көмек көрсету, кепілге алынған адамдарды босату және із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеу - келіссөздердің негізгі тақырыптары», - деп жазады ирандық БАҚ.

TRT-ның Қазақстандағы тілшілеріне марапат - TRT

28 маусым күні Қазақстанда атап өтілетін Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі аясында елдің үздік журналистері мен баспасөз өкілдері марапатталды. Бұл туралы осы аптада Түркия радио телевизия порталы хабарлады.

Түркиялық БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, ҚР Ұлттық музейі ТРТ Қазақстан өкілдігінің тобын да Қазақстандағы көрнекті және үлгілі жұмыстары үшін марапаттаған.

Аталған марапаттау шарасы журналистер күніне орай Қазақстанның Ұлттық музейінде өткен.

Қазақстан ұлттық мұражайының директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қиын эпидемиялық жағдайларда өз міндеттерін орындауға күш салған баспасөз өкілдеріне алғысын жеткізген.

«Қазақстандағы ТРТ тобы да марапатталған баспасөз мүшелерінің қатарында болды. TRT Қазақстан өкілдігінің тобы Қазақстанның мәдени құндылықтарын және түркі әлемінің әлемдік мұра болып табылатын рухани құндылықтарын насихаттағаны үшін марапатталды», деп жазады Түркия радио телевизия порталы.


Соңғы жаңалықтар