Алтайда оқушылар міндетті түрде атқа міну сабағын оқиды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Алтай қаласында мектеп оқушыларына арналған ат спорты сабағы қайта басталады – «Ағажай-Алтай» сайты

2019 жылы Қытайдың Алтай қаласында мектеп бағдарламасына енгізілген ат спорты сабағы биылғы жаңа оқу маусымында қайта басталды, деп хабарлайды kazakh.altxw.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, өткен жылы бұл ерекше дене шынықтыру сабағына Алтайдағы 10 мың жасөспірім қатысқан. Биылғы жылы жаңа оқу маусымда ат спорты сабағына 4-8 сынып оқушылары қатыспақ. Осы атқа мінуді үйретіп, ат спорты өнеріне баулитын ерекше бағдарлама Алтай қаласындағы мектеп оқушыларының сөзсіз оқитын міндетті сабағына айналған.


Жергілікті үкіметпен 10 жылдық оқыту туралы келісімге келіп, оқу-материалдық базасын ұсынып отырған «Алтайдың алтын қанды асыл тұқымды жылқы шаруашылығы» ЖШС 3 миллион юань қаржыға талапқа сай ат спортына арналған жаттығу алаңдарын жасап және жаңа жабдықтар сатып алған. Мұнда оқушыларға жылқы шаруашылығы бойынша жоғары оқу орындарынан білім алған білікті ұстаздар сабақ береді.


«Ат спорты сабағында оқушылар алдымен жылқылардың тіршілік ету ортасы мен жылқылардың жалпы сипаты және ат спорты өнері туралы жан-жақты мағлұматтармен танысады. Содан кейін атқа мінуді үйренеді. Мамандардың айтуынша, бұл бағдарлама оқушылардың күйзелісін жеңілдетіп, дене шынықтыру сабағына қызығушылығын арттырады. Сондай-ақ, жастардың өзіне деген сенімділігін күшейтіп, ат үстінде тепе-теңдікті сақтай отырып, дене бітімінің шымыр, түзу өсуіне, ағзаны нығайтауға көмектесетін ерекшеліктері бар. Сонымен бірге бұл бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі жергілікті жылқы мәдениетін қорғау және оны бүгінгі ұрпаққа насихаттап қалдыруды көздейді. Жалпы Алтайдағы оқушылардың дене шынықтыру сабағы шаңғы тебу мен ат спорты өнерін үйренуге басымдық берілген», - деп жазады «Ағажай-Алтай» сайты.

Адамның азамат қатарына қосылуының өзін «ат жалын тартып мінді» деп бейнелейтін қазақ халқы үшін жылқы түлігі қашанда ерекше маңызға ие болған. Қытайдағы Қазақтар шоғырлы қоныстанған Алтай аймағындағы төл мәдениетімізді ұлықтаған, қазақ еліне үлгі боларлық бұл жаңалығы көңілге қуаныш ұялатады.


Осы дереккөзінің жазуынша, ат спорты өнерін үйрену сабағында, оқушылар бұрын атқа мініп көрмеген соң, бастапқыда қорыққан. Кейіннен оқушылар аттың қасына барып, басынан сипап, жетелеп, мініп көріп үйірене бастайды. Осылайша Алтай жерінде өмір сүрген, ат жалында өскен аталарының жолын қуып, мәдениетін сақтап, жалғастырушы ұрпақтары төл мәдениетін қайта бойына дарытпақ ниетте. Қытай елінде мұндай өңірлік ерекшелікке ие міндетті курстарды үйрету дәстүрі қалыптасқан екен. Мысалы, Алтайда оқушыларға атқа міну сабағы оқытылса, Гуанчжоуда оқушылар «Сорпа жасауды», Хайнаньда суда жүзуді міндетті сабаққа енгізген.


Горганда Абай мәдени-әдеби орталығы ашылды - «Фарс» ақпарат агенттігі

Иранның солтүстігінде орналасқан Гүлстан облысының орталығы Горган қаласындағы Қазақстан республикасының Бас консулдығында Абай мәдени-әдеби орталығы ашылды, деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.


«Қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығы және әлемге әйгілі ойшыл әрі философ әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай 9 – шы қарашада Қазақстан республикасының Горгандағы Бас консулдығында Қазақстан елшісі Асхат Оразбай, Гүлстан облысы әкімінің орынбасары, басқа да лауазымды тұлғалар және ирандық қазақтардың қатысуымен Абай мәдени-әдеби орталығының ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл рәсімде Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін парсы тіліне аударған ирандық қазақ қажы Мұхаммед Шадкам Қазақстан үкіметі тарапынан екінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды», - деп жазады Рarstoday.

Қорқыт Ата фильм фестивалі өтеді - TRT


Халықаралық Киноматография қауымдастығы тарапынан бірінші рет ұйымдастырылатын Қорқыт Ата түркі әлемі фильм фестивалі 8-12 желтоқсан күндері аралығында Стамбулда өтеді, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Қорқыт Ата атымен аталған фестиваль бағдарламасында түркі тілдерінде түсірілген, тәуелсіз Түркі республикалары мен автономдық және басқа да түркі халықтары мекендеген аймақтарынан 43 фильм көрсетіледі. Қорқыт Ата атындағы бұл фестиваль алдағы уақытта дәстүрге айналып, жыл сайын Түркі әлемінің мәдениет астанасы болып таңдалған қалада өтіп отырады. Фильм фестивалінің бағдарламасын www.turkdunyasifilmfestivali.org сілтемесінен көруге болады», - деп хабарлайды TRT.


Тұңғыш рет «Үркер» ұлттық журналистика сыйлығы шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа берілді - KAZNEWS


13 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласында баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер – 2020» ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп жазады Моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Биыл «Отандастар қорының» ұсынысымен және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Үркер» ұлттық сыйлығы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің 100 жылдығына орай шетелдегі қазақ тілді БАҚ өкілдеріне арнайы бір номинация тағайындалған. Байқауға Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Иран мемлекеттерінен 10 үміткер қатысты. Қазылар алқасының шешімімен Моңғолия Республикасындағы қазақ тілді kaznews.mn сайты жеңімпаз атанды.


Айта кетейік, «Отандастар қоры» мен «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі бірлесе жұмыс істеп келеді. 2019 жылы екі тараптың қолдауымен шетелдегі қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының жиыны ұйымдастырылды. Аталған мәжілісте шетелдегі қазақ тілді БАҚ бірлестігін құру ұсынылды. Сондай-ақ, 2020 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Шетелдік және Қазақстан Республикасына келген этникалық қазақтарды қолдауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер» бағдарламасы шеңберінде 80 астам шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тың дерекқоры анықталды. Енді 2021 жылы шетелдегі қазақ тілді БАҚ бірлестігін құру жоспарланған», - деп жазады KAZNEWS порталы.


Иран мен Қазақстанның екіжақты ынтымақтастығын одан әрі дамыту талқыланды - «Фарс» ақпарат агенттігі

ИИР-ның Алматыдағы бас консулы мен Алматы облысының әкімі екі елдің қарым-қатынасын дамыту, әсіресе облысаралық әріптестікті кеңейту қажеттігін қуаттады, деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.

«ИИР-ның Алматыдағы бас консулы Мохсен Фағани бейсенбі күні Алматы облысының әкімі Амандық Баталовпен кездесіп, Иран облыстарының Қазақстанның облыстарымен түрлі салада әріптестік жасауға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Фағани Иранның Еуразия экономикалық одағымен преференциялық сауда келісіміне қол қоюын екіжақты әріптестікті дамытуға жасалған жағдай деп атады. Осы кездесуде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов: «Иранмен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен туризм салаларында әріптестік жасау үшін Алматыда өте жақсы әлеуеттер бар»,-деді», - деп жазады Рarstoday.


Тамды ауданында «Өнер апталығы-2020» байқауы өтті - «Тамды шаруагері» газеті

Өзбекстан Республикасының Навои облысы, Тамды ауданында жастар арасында жаңа дарынды, қабілетті жандарды анықтау мақсатында «Өнер апталығы-2020» байқауы өтті, деп жазады Өзбекстанда шығатын «Тамды шаруагері» газеті.


«Жастардың музыка, бейнелеу өнері, әдеби шығармашылық, театр және өнердің басқа да түрлеріне қызығушылықтарын арттыру, жастар арасында жаңа дарынды, қабілетті жандарды анықтау мақсатында Тамды аудандық Музыка және өнер мектебі ғимаратында «Өнер апталығы-2020» байқауы ұйымдастырылды. «Нағыз өнерді жанды дауыста орындаймыз» ұранымен өткен «өнер апталығы» көпшілік көрермендер күткендей мәнді де мазмұнды өтті», - деп жазады Өзбекстанда шығатын «Тамды шаруагері» газеті.


Соңғы жаңалықтар