Алтайдың аюын ноқталап мінген Торғайты әулиенің жайлауы - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

ТабиғатыәсемТорғайты жайлауы - «Ағажай-Алтай ақпарат» сайты

Қытайдың Алтай аймағындағы табиғаты әсем Торғайты жайлауы жаз айларында түрленіп, өзгеше түске енеді, деп жазады kazakh.altxw.com сайты.

«Көркі көз арбаған Торғайтының шөбі шүйгін, тауы жасыл, мөлдір сулы, таза ауасы жанға жайлы мекен. Көз жетер маңда, таудың бел жотасына тұман шөгіп, табиғаттың жарасымдылығын әйгілейді. Кілемнің түгіндей көгала майсаң төсінде қоралы қой, табынды сиыр жайыла оттап, тынысты тіршілікті аңғартады. Жолыңыз түсіп Торғайты жайлауына барсаңыз, табиғаттың сұлу сипатына еріксіз таңдай қағасыз. Назарларыңызға осы көркем табиғат көріністерінен фоторепортаж ұсынамыз», - деп жазады «Ағажай-Алтай ақпарат» сайты.

Еске сала кетейік, Алтай аймағындағы өлкетанушылардың дерегінше, ХIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында ҚХР-дың Алтай өңірінде Торғайты атты әулие өмір сүрген. Алтайдың аң мен құсымен тілдесіп, аюын мініп, құпия үңгірлерін мекендеген әулие туралы ел арасына тараған аңыздар көп. Бұл аңыздардың көбі Торғайты әулиенің көзін көрген көне көз қариялардың ауызынан жазылып алынғанымен құнды. Қазіргі кезде Алтайда әулиенің атымен аталған «Торғайты» жайлауы және ол кісі мекендеген «Торғайты үңгірі» бар. Торғайтының елден оңаша, диуаналық өмір кешкені айтылады. Ел қыстауға түскенде ол жайлауға, ел жайлауға көшкенде ол қыстауға түсетін болыпты. Алтайда қазіргі күнге дейін жұрт Торғайтының өңгіріне келіп, бұта-бүргенге ақтық байлап, арасанға түсіп, үңгірге кіріп әулие рухын зиярат етеді екен.

Қазақстаннан жәрдемге 2 тікұшақ келді -TRT

Қазақстан орман өртімен күресіп жатқан Түркияға 2 дана Mİ-8AMT типті тікұшақ пен 16 кісілік арнайы өрт сөндіру тобын жіберді, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінен жасалған мәлімдемеде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен министрлікке қарасты екі дана тікұшақ пен арнайы топтың орман өртімен күресіп жатқан Түркияның Мугла уәлаятына ұшқаны хабарланды. Мәлімдемеде Қазақстанның орман өртінде зақымдалған ормандардың бұрынғы күйіне келтірілуі үшін гуманитарлық жәрдем беруге дайын екені де атап көрсетілді», - деп жазады TRT.

Орталық Азия халықтарының ұлттық тағамдарының фестивалі мен гала - концерті өтті - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Түрікменстанда өткен Орталық Азия мемлекет басшыларының Консультативтік кездесу аясында «Аваза» ұлттық туристік аймағында Орталық Азия халықтарының ұлттық тағамдарының фестивалі мен гала-концерті өтті, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев, Садыр Жапаров, Эмомали Рахмон, Гурбангулы Бердімұхамедов және Шавкат Мирзиеев алдымен аймақ елдерінің ұлттық тағамдары халықаралық фестивалінің қонағы болды. Содан кейін Орталық Азия елдеріндегі өнер қайраткерлерінің қатысуында салтанатты концерттік бағдарламамен жалғасты. Фольклорлық -этнографиялық ансамбль мен эстрада әншілерінің қойылымдары, заманауи сахналық безендірулер, ұлттық ән мен би ОА халықтардың бірлігі мен мәдени жақындығын айқын көрсетті», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Қазақстанда ерте темір дәуіріне жататын алтын семсер табылды - TRT

Қазақстанның Ақтөбе облысының аумағынан ерте темір дәуіріне, яғни б.д.д. VI-V ғасырларға жататын Сармат дәуірінің қорымы табылды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Ақтөбе облыс әкімшілігінің мәлімдемесіне қарағанда Мұғалжар ауданы аумағында Жағабұлақ қорымынан бір ай бұрын табылған бірегей олжа – тастан жасалған құрбан шалынатын орын және алтын жалатылған семсер ерте темір дәуіріне тиесілі. Қазба жұмыстары барысында сондай-ақ, қола айна, алтын тоға және т.б. ежелгі заттар табылды. Археологиялық ескерткішті зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда» , - деп жазады TRT.

Ашхабатта Орта Азия елдері басшыларының бейресми кездесуі болды - Фарс

Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстан басшылары Ашхабатта Орта Азия елдері басшыларының консультативтің отырысын өткізу мақсатында жиналып, бейресми кездесу өткізді, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

«Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Каспий теңізінің жағалауында Орта Азияның 5 елі басшыларының бейресми кездескенін хабарлады. Оның айтуынша, Орта Азия елдерінің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев, Құрбанқұлы Бердімұхамедов, Эмомали Рахмон, Шавкат Мирзиеев пен Садыр Жапаров Каспий теңізінің жағалауында бейресми кездесті. Сонымен бірге Орта Азия елдерінің басшылары Түркіменбашы қаласына жақын жердегі «Аваза» ұлттық туристік аймағын аралады» , - деп жазады Parstoday агенттігі.


Соңғы жаңалықтар