Алтайлықтар баспанасыз қалған Риддер тұрғындарына 8 млн теңге жинап берді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының халқы алапат өрттен баспанасынан айырылған отбасыларға көмек ретінде 8 млн теңге жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірнеше күн ішінде «Наш город Зыряновск» жеке қайырымдылық қорына кәсіпкерлер, әкімдік қызметкерлері мен аудан тұрғындары атынан 8 миллион теңгеден астам қаражат түсті.

Бүкіл жиналған сома Риддер қаласының «Бірлік» қайырымдылық қорына аударылды.

«Сондай-ақ «Nur Otan» партиясының Алтай аудандық филиалында гуманитарлық көмек акциясы жарияланып, оған жергілікті жұртшылық, кәсіпкерлер мен түрлі ұйым өкілдері белсенді қатысты. Нәтижесінде 2 тоннадан астам әртүрлі тамақ өнімдері, дәрі-дәрмек және жеке гигиена заттары жиналды. Бұдан бөлек, Риддерге көрпе-жастықтар, балаларға арналған 11 төсек пен құрылыс материалдары да жіберілді», - деп хабарлады ШҚО Ақпарат орталығы.

Естеріңізге сала кетсек, 10 мамырда Шығыс Қазақстандағы Риддер орман шаруашылығында алапат өрт шыққан болатын.

Өрттен 1 адам қаза тауып, екеуі жарақат алған.

Мемлекет басшысы Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне тілсіз жаудан зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды.

11 мамыр сағат 18.20 кезінде өрт ауыздықталды.


Соңғы жаңалықтар