Алтын, вольфрам, молибден, алюминий Қазақстанның қай өңірлерінде болуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қорғасын мен мырыштың жаңа кен орындары Қазақстанның орталық, оңтүстік және де Кенді Алтай өңірлерінде ашылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Геологиялық барлаудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын таныстырған ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Геологиялық саланың алдында тұрған өзекті проблемалардың бірі – қорлардың толықтыру деңгейінің төмендігі. Геологтар «бір тонна өңдірсең – барлау жасап, орнын екі тоннамен толтыр» деген қағиданы ұстанады. Бірақ та, бүгінгі күні қорлардың өсім деңгей коэффициенті қатты пайдалы қазбалар бойынша – 0,13, ал көмірсутек шикізаты бойынша – 0,9. Сондықтан да, жаңа кен орындарын ашу және оны іске қосу үшін, кем дегенде 10-15 жыл уақыт кететіндігін ескере отырып, геологиялық барлау жұмыстарын қазірден бастап жандандыру қажет», - деді ол.

Министрдің мәліметтерінше, Қостанай облысының, Орталық пен Шығыс Қазақстан арасындағы аумақтардың және Қырғызстанға іргелес еліміздің оңтүстігінің алтын кен орындарына әлеуеті зор.

«Қорғасын мен мырыштың жаңа кен орындары Қазақстанның орталық, оңтүстік және де Кенді Алтай өңірлерінде ашылуы мүмкін. Сонымен қатар, бұл аудандарда вольфрам, молибден, алюминий, қалайы және сирек кездесетін элементтердің кен орындарын ашуға мүмкіндік бар», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Сонымен қатар, бүгінгі күні елімізде геологиялық барлауды жүргізуге ірі шетелдік инвесторларды тартуда оң тәжірибе қалыптасқанын атап өтті.

«Соңғы үш жылда олардың қатысуымен 75 мың шаршы шақырым болатын аумақта геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазгеология Ұлттық компаниясы Қазақмыспен бірігіп, ірі Дүйсембай қорғасын-мырыш, Ulmus қорымен бірге Бесшоқы кен орындарын ашты. Рио Тинтомен бірлесе отырып, Балқаш қаласы маңында Прибрежное мыс кен орнын ашып, қазіргі уақытта барлау-бағалау жұмыстарын жалғастыруда. Осы жұмыстарға 17 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар