Амандық Баталов халыққа есебінен соң Талдықорған әкімінің орынбасарын жұмыстан шығарды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Асхат Қалиасқаровты «демагог» деп атап, жұмыстан шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жағдай өңір басшысының халық алдындағы есебі аяқталғаннан кейін болды. Есептік жиын аяқталуға жақын қалғанда Талдықорған қаласының тұрғыны Ляззат Құдайберген өзінің шағымын тыңдауды облыс әкімінен сұрады. Амандық Баталов жиыннан соң төрт баласы бар жалғыз басты ананы тыңдауға уәде берген еді. Залдың шыға берісінде әкімді күткен Ляззат Амандық Баталовқа болған жайтты баяндап берді.

«Мен сізге қараша айында жолыққан болатынмын. Сіз қала әкімінің орынбасары Асхат Мейрамғалиұлына тапсырма бердіңіз. Бірақ осы уақытқа дейін ешқандай мәселем шешілген жоқ. 21 жылдан астам уақыттан бері ата-анамнан қалған пәтерімнің құжаттарын рәсімдей алмай жүрмін. Мен көпбалалы анамын, жалғыз басты. Қайда барамын енді, білмеймін», - деді Ляззат Құдайберген.

Ал Алматы облысының әкімі Амандық Баталов көпбалалы анадан мәселесінің не себепті шешілмегенін сұрады.

«Амандық Баталовқа кірсеңіз болды, мәселе шешіледі деп ойлайсыз ба?», - деді маған Асхат Мейрамғалиұлы. «Пәленбай миллион халық бар, бәріне көмектесе берсем нем қалады, ақшаңды шығар да өзің жаса» деді. Егер менің ақшам бар болса, мен ондай көмек сұрамас едім. Мен сізден тұрғын-үй, қаражат сұрап тұрған жоқпын. Әке-шешемнен қалған өз үйімнің құжаттарын рәсімдей алмай тұрмын. Базада ол үй жоқ. Үкіметке өтпеген. Құрылыс болып, тапсырылмаған. Сол күйі әркім өз бетінше кіріп алған. Мен ол жерде тіркеуде тұрмын», - деді Ләззат Құдайберген өңір басшысына.

Амандық Баталов бірден Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Асхат Қалиасқаровты шақырып, берілген тапсырманы не себепті орындамағанын сұрады.

«Егер баяғыдан бергі осындай уақыты өткен жағдай болатын болса, комиссия құрып, оның құрамына депутат, «Нұр-Отан» партиясының өкілдерін қосып, қарап, шешім шығару керек», - деді Амандық Баталов.

Тапсырманы дер кезінде орындамаған шенеуніктің әрекетіне ашуланған Амандық Баталов оның арыз жазып, жұмыстан кетуін сұрады.

«Маған «демагог» керек емес. Арызыңды жаз да, бар», - деді Амандық Баталов Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Асхат Қалиасқаровқа.

Облыс әкімі Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовқа Асхат Қалиасқаровтың орнына іскер орынбасар табуды талап етті.

«Мен кеше байқағанмын. Халық маған келгенде, ол жөнді (ред: Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Асхат Қалиасқаров) жауап та бере алған жоқ. Мұндай адамды «демагог» деп атайды. Демагог керек емес. Арызын жазсын. Содан кейін мына кісінің мәселесін шешіп беріңдер», - деген Амандық Баталов Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовқа мәселені шешуді тапсырды.

Осы оқиғаға байланысты әкімдік түсініктеме берді. «Мемлекеттік қызметтің абыройын түсіргені және тұрғындар тарапынан келген арыз-шағымдарды өз деңгейінде қарамағаны үшін Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Асхат Қалиасқаровты жұмыстан шығаруға облыс әкімі тарапынан бұйрық берілді»,-деді Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкел.




Соңғы жаңалықтар