«Ана деген теңдесі жоқ ұлылық!»: Аналарды кітапханашылар құттықтады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №4 кітапхана бөлімшесі көктемнің Алғыс айту күні мен Халықаралық Әйелдер күніне арналған «Ана деген теңдесі жоқ ұлылық!» атты мерекелік бенефис ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғыс айту күніне орай көп жылдық тығыз шығармашылық серіктестерге алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырылды. Кітапханалық бенефистің барлық басты кейіпкерлерінің ғибратты өмір жолдары мен еңбектегі табыстары, кітапханамен шығармашылық байланыстары арнайы дайындалған слайд-презентациялар арқылы таныстырылды. Мәдени шара аясында экраннан көктем, Алғыс айту күніне, Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған фотоэтюдтер, слайд-презентациялар, видеороликтер көрсетілді.

Іс-шараға кәсіпкер, «Мойнақ ГЭС-құрылысы үшін» медалінің, Ресейдің «Құрмет жұлдызы» ордені мен басқа да көптеген марапаттардың иегері Кенжина Насиха, 40 жылдан астам өнегелі өмірін кітапхана ісін өркендетуге арнаған құрметті кітапханашы Мананбаева Күләш, ұлағатты ұстаз, П.Чайковский атындағы музыка колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рахымбаева Гүлнар, №67 жалпы білім беретін мектептің директоры, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» Демеуова Бейбіткүл, баспагер, «Өнер» баспасы директорының орынбасары Оспанова Қарлығаш, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының креативті индустрия бөлімінің бас маманы Мұхтарова Зарина, Алматы Полиграфия колледжінің кітапхана меңгерушісі Жұмабаева Фарида, №140 Мұқағали Мақатаев атындағы гимназияның ұстазы Сатымбаева Ләйлә қатысты.

Сондай-ақ, №67 жалпы білім беретін мектептің оқушылары мен Алматы Полиграфия колледжінің, Алматы қаржы-құқық колледжінің студенттері мен ұстаздары қатысты.

Мерекелік мәдени іс-шара барысында сөз алған құрметті қонақтар жүрекжарды құттықтау лебіздерін білдіріп, кітапхана қызметкерлеріне алғыстарын айтты. Кітапхана меңгерушісі Сағын Иманбаева келген қонақтарға сый-сияпат көрсетіп, Алғыс хаттармен марапаттады.

Мәдени шара аясында №140 Мұқағали Мақатаев атындағы гимназияның балғын балалары «Аналарға мың алғыс!» атты әдеби композицияны тарту етті.

№67 жалпы білім беретін мектептің дарынды оқырмандары шақырылған қонақтарға ақ тілектерін арнап көктем, ана туралы өлеңдер оқып берді. П.Чайковский атындағы музыкалық колледждің 2 курс студенттері Джумартов Бағжан мен Қарабалаев Мұратжан күмбірлетіп күйден шашу шашты, әуезді әндерімен тебірентті. Аталмыш кештің тізгінін ұстаған айтыскер жас ақын Алтынбек Ибрагимов нәзік жандыларға арнауын ұсынып, ән-жырдан шашу шашты.


Соңғы жаңалықтар