Анасы мен қызын тонаған күдіктіні ұстауға көмектескен ақтөбелік марапатталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов екі әйелді тонаған күдіктіні ұстауға көмектескен қала тұрғынын марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күдікті небәрі 10 минут ішінде екі әйелді тонап үлгерген. Бүгін облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов күдіктіні ұстап алған Нұрсұлтан Ситиновқа алғыс хат берді.

«Таңертең жұмысқа бару үшін көлікті қыздыруға есік алдына шықтым. Сол кезде көмекке шақырған әйелдің дауысын естідім. Барсам, оқушының сөмкесі шашылып қалған, оқу құралдары жерде жатыр. Әйел күдіктінің бағыт алған жағына сілтеп жіберді. Мен көлікпен қуып жеттім. Мас күйінде екен. Қуысқа кіріп кеткен адамды 10 минут күтіп тұрдым. Шықпаған соң қайта айналып, әйелге бардым. Оны үйіне жеткізіп тастап, полиция шақырдым», - деді Нұрсұлтан Ситинов.

Оқиға 19 қараша күні таңғы сағат 7:20-да болған. Күдікті алдымен бір әйелді тонап, оның сөмкесіндегі әмияны мен телефонын қолды еткен. Кейін араға 10 минут салып, анасы мен қызын қорқытқан. Сол жерде балабақшаға бара жатқан баласының киім салған сөмкесін алып кетті.

«Ер азаматымыз полицияға көмек көрсетті. Күдікті Ясный ауылы тұрғынының ақшасы мен телефонын ашық тонап кеткен. Кейін тағы бір тұрғынның киім салған сөмкесіне жармасқан. Күдікті ұсталды, қамалды. Қылмыстық кодекстің «Тонау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деді облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов.

Айта кетейік, облыста полицияның 3 мыңнан астам қоғамдық көмекші бар. Олар 14 қылмысты ашып, 500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықтаған.

Соңғы жаңалықтар