Анталияда іссапармен жүрген қазақстандық медицина мамандары өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық жазғы мектеп аясында Түркияның Анталия провинциясында жүрген Астана медициналық университетінің студенттері мен оқытушылары өрттен зардап шеккендерге көмек көрсеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Астана медициналық университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ержан Құспаев Facebook парақшасында жазды.

«Түркияның курорттық қалаларында, әсіресе Анталияның маңында орман өрті өршіп тұр, адам шығыны бар. Бұл күндері біз Анталияда болдық. Анталияға Халықаралық жазғы мектеп аясында барған Астана медициналық университетінің барша студенттері мен оқытушылары гуманитарлық көмек орталығының жұмысына атсалысты. Олар қолдан келгенше көмек көрсетіп, өрттен зардап шеккен тұрғындарға елдің түкпір-түкіпірінен ағылып жатқан азық-түлік пен сусындарды көліктерден түсірісті. Гуманитарлық көмек тиеген КамАЗ-дар бір сағаттың ішінде босап, қайта жолға шығып жатты. Біз қайырымдылық іске қатысып, зардап шеккендерге қандай да бір көмек көрсете алғанымызға қуаныштымыз», - деп жазды университет өкілі.

Түркиядағы төтенше оқиғаға қазақстандықтардың қаншалықты алаңдап отырғанын осы постың астына жазылып жатқан пікірлерден көруге болады. Желі қолданушыларының бірі қазір сондағы ахуал қандай екенін сұраса, тағы бір топ қолданушылар сын сағатта көмекке ұмтылған елгезек отандастарына қолдау білдіріп, алғыс айтуда.

Еске салсақ, Түрік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы Facebook-тегі парақшасында Анталия провинциясындағы алапат өрттен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін жазған болатын.

Ресми мәлімет бойынша 28 шілдеде тұтанған орман өртінен 3 адам көз жұмған. Жалпы тілсіз жаудан зардап шеккен 122 адамның 58-і ауруханаға жеткізілген.


Соңғы жаңалықтар