Apple-де жұмыс істейтін Әйгерім: Қазақстандағы жаңа технологиялармен танысқым келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Моңғолияның батыс шекарасындағы Ақкөл ауылында туып-өскен Әйгерім Сәулетхан аз күнде-ақ Қазнетте танымал болып шыға келді. Себебі ол - әлемнің алпауыт компаниясы Apple-де жұмыс істеп жүрген алғашқы қазақ қызы. ҚазАқпарат тілшісі Әйгеріммен шетелдегі тұрмыс және ұлттық құндылықтар туралы сұхбаттасқан еді.

- Әйгерім, сіздей сұлу қазақ қызының мұхиттың ар жағында табысты еңбек етіп жүргенін көріп қуандық. Ұлан-Батыр сайттары «Моңғолиядан шыққан Әйгерім әлемге танылды» деп сүйіншілеп жазды. Қазақтар «Apple» компаниясында істейтін жалғыз қазақ қызы» дейді. Осы жайында айтып өтсеңіз?

- Рахмет, Apple компаниясында Моңғолиядан келген алғашқы қазақ инженер қызы болып жұмыс істеп жүргенім рас. Осындағы әріптестерім де мені моңғол елінен келген қазақ қызы деп біледі.         

- Өзіңіз туралы айтып беріңізші? Қайда оқыдыңыз? Америкаға қалай жол түсті?

- Моңғолияда туып-өстім. Америка Құрама Штаттарында «Компьютер ғылымы» мамандығы бойынша білім алған едім. Мектеп бітірерде қатарынан бірнеше жоғары оқу орындарына мектептегі жетістіктерім туралы құжаттар мен сертификаттар жіберіп, емтихан тапсырдым. Нәтижесінде Жапония, Түркия, Ресей және АҚШ университеттерінен шақырту алғанмын. Ақылдаса келе, АҚШ-тың Хюстон қаласындағы Солтүстік Америка университетін таңдадық.null 

- Ресеймен шекаралас Ақкөлде туғаныңызды, Баян-Өлгейдегі моңғол-түрік лицейінде оқығаныңызды білдік. Бүгінгі сұхбатты қазақ тілінде жүргізіп отырмыз. Жалпы өзіңіз неше тілді меңгердіңіз?

- Менің ана тілім - қазақ тілі. Сонымен бірге, моңғол, ағылшын және түрік тілдерінде жетік сөйлеймін.

- Бағдарламалық  жасақтама инженері болу - кез келген қыздың жүрегі дауаламайтын сала. Осындай күрделі мамандыққа қалай келдіңіз? Қызығушылық қайдан басталды?

- Бала күнімнен бүлінген затты құрастырып-жөндеуге бейім болдым. Кейіннен компьютерлік бағдарламаға әуестендім. Компьютер ғылымы туындаған мәселені логика ретінде қолданып, жүйелі түрде шешеді ғой. Сондықтан осы ерекшеліктерге қарай құштар болдым. Бұл сала әлемді бір-біріне жақындатып қана қоймай, медицина, ғылым-білім, саясат, өнер сынды басқа салалардың да қарыштап дамуына үлес қосып отыр. Ал сұрағыңызға келсек, иә мұндай салада қыздар аз. Мен де алғашында жүрексіндім. Бірақ анам «Сенің қолыңнан келеді, сенде үлкен төзім мен потенциал бар»  деп үнемі қолдап отырды. Жетістігімнің бәрі анамның осындай қолдауынан деп ойлаймын.

- АҚШ-тан Қазақстан жастарын кезіктірдіңіз бе? Баян-Өлгейдегі қазақ жастары мен Қазақстанда туып-өскен жастардың айырмашылығы бар ма?

- Мен өзім Қазақстанға барып көрген емеспін. Бірақ, мұнда Қазақстаннан келген көптеген достарым бар. Олар Америкада әр түрлі салада табысты еңбек етіп жүр. Моңғолияда туып-өскен қазақ жастары шетте жүрсе де, салт-дәстүр мен тілін жақсы сақтап қалған дер едім. 

- Қазақстанды қалай елестетесіз? Қазақстан дегенде көз алдыңызға қандай сурет келеді?

- Қызық сұрақ. Кең байтақ даланы көремін және тарихын сақтап қалған әрі жаңашылдыққа ұмтылған даму үстіндегі ел елестейді. Қазақстанда болмасам да, жаңалықтардан қарап жүремін. Астана, ЭКСПО, Бәйтерек туралы анамнан естуім бар. Анам өткен жылы Астанаға Дүниежүзі қазақтарының 5 құрылтайы мен ЭКСПО-2017 көрмесіне барған және керемет әсермен оралған.

- Көптеген жас мамандар «Apple» сияқты алпауыт компанияларда қызмет етуді армандайды. Сол арман орындалуы үшін не істеуі керек?

- Қандай да бір істі игеру қабілеті жоғары болуы үшін ең алдымен ізденіс және алға қойған мақсатқа берік болу қажет деп ойлаймын. Тұрақты кітап оқу да жастардың өзін дамытуының кілті. Ең бастысы - адам өзін-өзі алдамауы керек және еңбек етуден еш аянбауы қажет.null 

- Сіздің жерлесіңіз бүркітші қыз Айшолпан Қазақстанға шақырту алды және  Астана мектебінде оқып жатыр. Сізге де Қазақстанға шақырту түссе қалай қабылдар едіңіз?

- Әрине, келешекте Қазақстанға барып, технология саласындағы қызметтерімен танысу жоспарымда бар.

- Қазақтың қандай салт-дәстүрін тұрмыста қолданасыздар? Қандай тағамдарды сүйіп әзірлейсіздер?

- Ата-әжемнің қолында өскендіктен, үлкенді сыйлау, өзгелерге көмектесу, қарапайым және еңбекқор болуды күнделікті өмірде іске асырып үйрендім. Сүйікті тағамдарым - әрине, анам дайындаған қазақша ет, манты және сүт қосылған дәмді шәйі. Ал қазір анаммен бірге бос уақытымызда түрлі десерт, үнді тағамдарын әзірлеуді үйреніп жүрміз.

- Әлеуметтік желіде анаңыздың және өзіңіздің де ән айтатын өнеріңізді көрдік. Қазіргі қазақ шоу-бизнесін тамашалайсыз ба?

- Иә, менің анам журналист және Моңғолия елінің мәдениет саласының үздігі. Ән айту да анамнан дарыған талант. Қазақ шоу-бизнесінен «Денис Тен және оның достары» жобасын сүйсініп көруші едім. Әлемнің ең үздік мәнерлеп сырғанаушыларының қазақтың ұлттық киімімен, шаңқобыздың, домбыраның үнінде билеуі - өте әсерлі шығады. Денистей талантты адамның өмірден ерте өткені өкінішті. Тағы бір сүйікті қазақстандық өнерпазым - Димаш Құдайберген. Оның әр елде қойған концерттерін интернет арқылы ұдайы көремін.  

- Америка - бірнеше ұлт пен мәдениеттің тоғысқан елі. Десе де, өмірлік жарыңыздың ұлтына мән бересіз бе?

- Шынымды айтсам, ол жайлы ойлап көрмеппін. Қазір тек қана білім алу, тәжірибе жинау, өзімді жан-жақты дамытуға күш салып жатырмын. Барлығын уақыт көрсетеді.

- Сұхбатыңыз үшін көп рахмет, Әйгерім! Сізбен Қазақстанда көрісуге құштармыз!

 

Соңғы жаңалықтар