Әр баланың өз несібесі бар - 38 жастағы көп балалы ана

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық 38 жастағы көп балалы ана Жібек Жақсыбалаева тоғыз перзент дүниеге алып келген. Биыл бұл отбасы тағы бір нәресте сүймекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жібек 21 жасында Берік Сарбасов есімді жігітпен отау көтерген. Содан бергі жылдарда шуақты шаңырақта тоғыз перзент өмір есігін ашты. Ол «Алтын алқа» иегері атағына 28 жасында ие болған. Сол жолы егіз қыз босанған еді.

Бүгінде отбасының үлкені Аружан педагогикалық колледждің үшінші курсында грантпен білім алып жатыр. Екінші перзенті - ұлы Дамир естияр жасқа келіп қалды, жергілікті «Ұлағат» колледжінің бірінші курсында оқиды.

Балалардың алды колледжде білім алып жатса, алтауы мектепте. Кішкентайы Әминаның жасы - үште, балабақшада тәлім алып жүр.

«Мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «мұнай-газ» мамандығы бойынша білім алдым. Тұрмысқа шыққаннан кейін балалардың тәрбиесіне көңіл бөлгенді жөн санадым. Перзенттерімнің арасы - 1-1,5 жыл. Бала тәрбиесі - үлкен жауапкершілік. Қазір үйде балаларыма қараймын», - дейді ол.

Жолдасы Берік құрылыс саласында еңбек етеді. Қолы қалт етсе, балалардың сабағына көмектесіп, керек-жарағын түгендейді.

Жібек алғашқыда қиын болғанын айтады. Бір-бірімен тетелес өскендіктен оларға қарауға үлгермей жататын. Кейін үлкендері есейіп, бір-біріне қол ұшын соза алатын жағдайға жеткен.

Жібектің өзі де көп балалы отбасында өскен. Анасы 19 құрсақ көтерген Батыр ана. Өзі де көп балалы болғанын қалаған.

«Әр баланың өз несібесі бар. Мемлекет тарапынан түрлі жәрдемақы беріледі. Жергілікті басшылық тарапынан басқа да қолдаулар бар. Халқымызда «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген сөз бар. Сондықтан көп балалы болған артық емес», - дейді Жібек.

Бұл отбасы бірнеше жыл бұрын тұрғын үй кезегіне тіркелген еді. Биыл баспаналы болатыны жөнінде қуанышты хабар келіп жетті.

Бұдан бұрын Қызылордада трактор тізгіндеген жетпіс жастағы ана туралы хабарлаған едік.
Соңғы жаңалықтар